Құрметті медицина қызметкерлері! Қымбатты сала ардагерлері!

Сіздерді кəсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Қай заманда болсын, халық денсаулығының сақшылары, мына сіздер, жанқиярлықпен еңбек етіп келесіздер. Жылдың қай мезгілі, тəуліктің қай сəті болсын, жаны қиналып жатқан адамға көмек көрсетуге дайын тұрасыздар. Бұл – ақ халатты абзал жандардың антына адалдығының айғағы.

Бүгінгі таңда Ұлытау ауданы бойынша медицина саласында бірқатар көңілге қонымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта аудан орталығында жаңа аурухана салынады. Жезді кентіндегі орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаракеңгір мен Сарысу ауылдарында фельдшерлікакушерлік пункт осы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі. Бұдан тысқары, дəл осындай құрылыс нысандарын Қоскөл, Байқоңыр, Мибұлақ жəне Терісаққан ауылдарында салып, биылғы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылдың жағымды жаңалығының бірі – аудан орталығындағы Жедел жəрдем станциясына жəне Жезді кентіндегі ауруханаға жедел жəрдем көлігі берілуі.

Біз аудан халқының атынан, Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға баянды бақыт, мықты денсаулық, молшылық тілейміз.

Халық денсаулығын қорғаудағы тынымсыз еңбектеріңіз жемісті болсын!

Мерекелеріңізбен, ақ халатты абзал жандар!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

Ұлытау ауданының əкімі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

аудандық мəслихаттың төрағасы