Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі. «Көптің сөзі – киелі», – дейді дана халқымыз. Елдің талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.
Аз ғана уақыт ішінде Қазақстанның Ата Заңы өзінің заман талабына лайықты екенін көрсетті. Бүгінгі таңда жаңартылған Конституция негізінде елімізде жаңа құқықтық жүйе қалыптасуда. Қабылданған заңдар қоғамдық қатынастарды реттеп, еліміздің әлемдік деңгейдегі орны жоғарылауына ықпал жасап отыр.
Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайту мен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде Конституцияның рөлі өте зор. Мұның бәрі Конституцияда бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін қоғамдық және саяси өмірде нық ұстанудың нәтижесі.
Қазіргідей пандемия белең алған қиын-қыстау кезеңде ел еңсесін түсірмей, экономикалық өсімді кемітпей, әл-ауқатымызды көтеру үшін Ұлт жоспарында белгіленген шараларды жүйелі жүзеге асыру – біздің азаматтық міндетіміз.
Қазақстанның әр азаматы еліміздің Негізгі Заңының асқақ рухы мен маңызын, оның қалыптасу тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу арқылы біз өз Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Сондықтан, оны ардақтау– әр азаматтың асыл парызы.
Сіздерді мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ, отбасыларыңызға амандық тілейміз.
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.