Құрметті аудан тұрғындары!
Ұлыстың Ұлы күніне балаған жыл басы – Наурыз бірлік пен береке мейрамы. Айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең, өнегелі өркениетіміздің өлшемі. Әз халқымыз оны қашанда биік көңілмен, кемел пейілмен ерекше қарсы алады. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, тарихтың тереңінен тамыр тартқан халқымыздың қастерлі мерекесі. Наурызда ТабиғатАна түрленіп, күн мен түн теңесіп, халқымыз алдағы күндерден зор үміт күтеді. Сондықтан баршаңызды ұлық мереке – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жолдаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы Ұлытау халқына да тамаша көңіл-күй сыйлады. Мұндағы маңызды жаңалық – Ұлытау облысының құрылуы, Жезқазғанның облыс орталығы болып белгіленуі халқымыздың көптен күткен үміті орындалған күн болды. Алдағы күндері де игі мақсаттарымыздың орындалатынына кəміл сенеміз. Ол үшін бізге ынтымақ пен түсіністік қажет. Әрине, Ұлытау ауданының Наурыздан Наурызға дейінгі аралықта қол жеткізген табыстары аз емес. Биылғы мейрамға аудан тұрғындары жарқын көңіл, жақсы пейілмен келіп отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жыл санап өсіп келеді. Халықтың әлеуетін арттырып, тұрмыс жағдайын жақсартуға арналған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Осының нақты жемісі – жыл өткен сайын ауданымыздағы көпбалалы аналар саны көбейіп, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері де артатын болады. Ауданымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Біз үшін сан жылдар бойы сабақтастығын үзбеген Наурыз мейрамының орны бөлек. Дана халқымызда: «Ұлыстың Ұлы күні қазан толса, ол жылы аналар қалжалы болар, ұлы кісі бата берсе, ол жылы ел олжалы болар» деген қанатты сөз бар. Ең бастысы, аудан аумағындағы қоғамдық-саяси ахуалмен этносаралық келісім тұрақты.
Қымбатты жерлестер!
Наурыз мейрамы – бәріміз үшін аса қымбат, ұлық мереке. Сіздерді Наурыз мейрамымен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, құт-береке, бақыт тілейміз. Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!
Cоветбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.