Құрметті ақ жаулықты әжелер, асыл аналар! Қыз-келіншектер!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемнің бар мейірімі, тіршіліктің қайнар көзі, адамгершіліктің бастауы – әйел затының аялы алақанында. Отанға деген сүйіспеншілік, қайырымдылық пен іңкәрлік баршамыздың бойымызға қасиетті ана сүтінің арқасында дарыған. Ізгіліктің жолын қалыптастыратын асыл жандардың мерекесі — сыйластық пен асқан құрметті жоғары дәрежеде дәріптейтін атаулы күн.
Ұлытау даласының қасиетті топырағында табанының ізі қалып, төл тарихымызда есімдері алтын әріппен жазылатын Болған ана, Құлан ана, Ханымбике, Бөтей, Дәулетбике аналарымыз, Бидаш Құдабайқызы, Қазақ операсының әншісі, Қазақ ССР-нің Халық әртісі Шабал Бейсекова – текті ұрпақты жалғауға сүбелі үлес қосқан аяулы тұлғалар.
Өзіміз білетіндей, облысымыздың өркендеуі үшін қызметтің әр саласында мамандығы алдында ыстық-суыққа қарамай еңбектеніп келе жатқан аяулы қыз-келіншектеріміз жетерлік. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, журналистер, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер тіпті металлургтер мен кеншілер, сақшылар, судьялар, өрт сөндіру ісіндегі аруларымыз бар.
Осы орайда Ұлытаудың ұлық қасиетін Республика көлемінде дәріптеп жүрген көрнекті ғалым, әлемдік ғылым қоғамдастығына танымал профессор, отандық «KazVac» вакцинасының авторы қарсақбайлық Күнсұлу Закарья, жеңіл өнеркәсіп саласында Қазақстан ғана емес сырт елдерге де танымал «Ютарияltd» компаниялар тобының негізін салушы Сәуле Шәуенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әндердің насихаттаушысы Қарақат Әбілдина, Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айзада Әбдіқалықова сынды қыз-келіншектердің де есімін айрықша атап өтпеске болмас.
Жер бетіндегі мейірім мен ізгілік атаулының қайнар бұлағындай болған қадірменді асыл жандар!
Көктемнің шуағын ала келетін сұлулықтың мерекесінде сіздерге зор денсаулық, өмірлерліңізге шаттық, бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Мейірім мен махаббатқа толы жүректеріңізде қуаныш орнасын!
Құрметпен,
Ұлытау облысының әкімі
Берік Әбдіғалиұлы.