Құрмет пен қошеметке кенелген күн
Ұлт ұясы – Ұлытаудың аудандық Мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің төл мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Биыл аталған саланың кәсіби мерекесіне 10 жыл толғандықтан ілкімді шараның басым бөлігінде ардагерлер мен үздіктері марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.
Жиынға аудан әкімі Советбек Медебаев арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы әлеуметтік салада тер төгіп жүрген жандардың еңбегін айрықша атап өтті.
- Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілікті, біліктілікті, адами қасиеттерді талап етеді. Сіздер қамкөңіл жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын созып келесіздер. Олардың болашаққа деген үмітін оятып, өз міндеттеріңді жауапкершілікпен орындап жүрсіздер. Сол үшін де баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, — деді Советбек Тұрсынұлы.
Әкім құттықтау лебізінен кейін мереке иелерінің еңбегін еледі. Аудан әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына бірқатар қызметкерлер ие болды. Марапатталғандардың қатарында Қаракеңгір ауылының әлеуметтік қызметкері Гауһар Әлиасқарова, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Баянқұл Аманжолов, Қарсақбай кентінің әлеуметтік қызметкерлері Анар Мәменова мен Жадыра Телбаева, Жезді кентінің әлеуметтік қызметкері Айша Тұрғынбаева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Эльмира Тілеуғабылова, үйлерге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Сандуғаш Өкімбаева бар. Мұндай құрметке аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова да ие болды.
Мереке аясында шуақты лебіздер де өрілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, «Ақсауыт мүгедектер қоғамы» бірлестігінің төрағасы Абзал Әбжаппаров ақжарма тілектерін арнады. Кездесуді ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Мекеме басшысы Айна Әбілова да ізгі лебіздерге үн қосып, әріптестерін мерекемен құттықтады. Сегіз қызметкеріне Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар, аудандық әлеуметтік қорғау саласының құттықтау хаты Әлімбек Жақанұлы, Күлпаш Ихайқызы, Бақша Хамзеқызы, Жібек Құтыбарқызы, Әсия Молдашқызы, Күлназия Омарбекқызы, Еркеш Арыстанбайқызы және Қали Әкпарұлына табысталды.
Келісті басқосуды аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары орындаған әсем ән түйіндеді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ