Әрі досым, әрі сырласым еді . . .

Иə, көзден кетсе де көңілден кетпейтін жандар болады. Соның бірі асыл дос, абзал азамат, елжанды тұлға – Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ. Кенжеболат киелі Жезді өңірінде туып, өсіп, өмір жолында еліміздің айтулы журналисі, білімді де білікті азаматы болып, елордасы – Астанада бұл дүниеден өтті…

Туған жері Жездіні киелі дейтін мен ғана емес, халқымызға танымал қоғам қайраткері Кəкімбек Салықов «Қаныштың досы» деген мақаласында былай деп суреттеген екен. «Жезді қалашығы Жезқазғанның серігі сияқты елестейді. Кейінірек көргенде, Сахараның сары даласындағы Жезқазғандай емес, ойлы-қырлы Бала-Жезді аққан көпірлі қалашық – Жездіні көргенде, құмды аймақтың бір үзім ғажап жері ме деп қалдым. Қаланың ішінен өтіп жатқан Ленинград, Мəскеу еске түсті»…

Осы Кəкең ағамыз айтқандай, көпірден төмен қарай 700-800 метрдей жерде Жезді өзені биіктігі 100-150 метрдей екі шыңның арасынан жарып ағып жатыр. Бұл шыңды «Кəдірбай шыңы» деп атайды. Кəдірбай – Кенжеболаттың үлкен атасы болып келеді. Кенжеболат осы шыңның етегінде дүниеге келген болатын.

Қазақша жекжаттығы жағынан Кенжеболат маған күйеу бала болып келеді. Төкен (Төлеуғали) – менің қарындасым. Мен осы өңірде туғанменен əке-шешеміздің жұмыс бабына байланысты, алыс совхоздардағы мектепте оқып, Төкенді мектеп бітіргенде бірақ көрген екенмін. Кейін оқуда, қызметте ағалы-қарындас болып араласып жүрдік.

Бұрын Кенжеболатты сырттай көріп, сəлеміміз түзу болғаны болмаса, жақын араластығымыз жоқ болатын. Кейін Төкен екеуі отау құрғаннан бастап, аралас-құраласымыз жиілей бастады. Көп жағдайда Кенжекең екеуміз күйеу бала, қайнаға емес, сыйлас, сырлас достардай бір-бірімізді іздеп тұрдық.

Ол кісінің əсіресе, мемлекеттің дамуы, ұлтымыздың салт-дəстүрі, мəдениетіне деген көзқарасы бөлек болатын. Қатты алаңдаушы еді. Біз осы тақырыптарда көп əңгімелесуші едік. Көп жағдайларда ойларымыз бен пікірлеріміз бір арнада ұштасып жататын.

Егер мен Кенжеболатпен жақын достардай араластық десем, бұл естелігімді мəнерлегенім болмас деп ойлаймын. Өмірдің ең тəтті қызығы – адал достарыңның көп болуы деп түсінемін. Жасымыз ұлғайып, тəжірибе жинақтағаннан болу керек, əңгімелесіп отырған адамыңның сөз саптауының жобасын əріден түсініп, оның қандай мақсатта айтып отырғанын сезгендей болып отырасың. Кейбіреулердің сөз саптауынан əңгімесінің шындыққа жанаспайтынын да білесің. Кейде біле тұра, алданып қалып жататын жəйттер де болып тұрады.

Ал, Кенжеболатпен қарым-қатынасымызда ондай ой ойлаудың өзі күнə деп ойлаймын. Кенжекең біреуді алдау немесе уəде бере салу сияқты жалған əрекеттерден кез келген жағдайда ада еді. Айтатынын ашық, бүкпесіз, жақсысын жақсы деп, бұрысын бұрыс деп айтып отыратын. Біздің қазіргі ала құйын заманда осы мінезі қызметте болсын, басқа ортада болсын, өзіне көп кедергі жасағандай болып көрінетін маған. Бірақ, ол кісі бұл туралы айтқан да жоқ, алған бетінен қайтқан да жоқ.

Кенжеболаттың іздемпаздығы, еңбекқорлығы, өзін-өзі дамытып жетілдіруге еңбегі мен аса жоғары білімі туралы дос-жарандары мен əріптестері арасында көп айтылып жүр. Мысалы, қазақ мектебін бітіріп, қазақы ауылдан өсіп, қазақы отбасында тəрбие алған Кенжекеңнің орыс тіліне жүйріктігіне таңданатынмын. Тіпті автотранспорт инженері бола тұра, біраз уақыт республикалық «Казахстанская правда» газеті бас редакто рының орынбасары болып қызмет істеуі мені ғана емес, көпшілікті ойландырып тастағаны белгілі.

Біз көбіне жанұямызда кездесуші едік. Ол кісі елдің, ұлттың келешегін, болашағын əңгімесіне арқау етіп, көп жағдайда көп толғанып, жабырқаушы еді. «Сөйлей беретіндер көп те, сөйлеу білетіндер аз» дегендей, Кенжекеңнің əсерлі əңгімелерін тыңдаудан жалықпаушы едім жəне үлкен мағлұматтарға қанығатынмын.

Бұл кісінің азаматтық атқарған борышының ірісі – Төкен екеуінің балаларына берген тəрбиесі мен білімді болуына жасаған еңбектері деп түсінемін. 1998 жылы Жезқазғаннан Астанаға көшкендегі негізгі мақсатының бірі осы болған да шығар. Мадияр, Саруар жиендерімнің бүгінгі күнгі жасап жатқан қызметтері бойынша бұқаралақ ақпарат құралдарына беріп жүрген сұхбаттарын, пікір алмасуларын оқып тыңдағанда «ат тұяғын тай басар» деген осы екен ғой деп көңілім толып отырады. Мəселе – кімнің де болса аса бай болуы немесе ірі қызмет істеуі басты дүние деген ойдан аулақпын. Мəселе – азаматтығында, əдепті мінезінде, терең білімінде, отбасымен сыйластығында. Əйгерімді көрмегеніме көп болды. Еркелетуші еді əкесі, сағынып жүрмін. Шет елде оқуда, қызметте жүр ғой.

Кенжеболат қайтқанда мен көзіме ота жасатып Қарағанды емханасында жатқан болатынмын. Бұрынғы қызметтес, Жезді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, қазір Сəтбаев қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеш Ахметов досым телефон шалып, менің жағдайымды біліп, Кенжеболаттың қазасына көңіл айтып былай дегені есімде сақталып қалды. «Жас кезімізде комсомолда істеп жүргенімде Кенжеболат Жезді автобазасында механик, Төкен экономист болатын. Кəсіпорын қоғамдық жұмысқа басқа ұйымдарға қарағанда белсене араласушы еді. Сол уақытта Кенжекеңнің білімін, басқа да жақсы қасиеттерін ерекше бағалап айтып жүретінмін. Кейін мақалалары мен басқа да жазбаларын оқып тұрдым ғой. Кешеден бері қазасын естіп, ақпараттардан көріп отырмын.

Бұл кісі ешкімге жағымпазданбайтын еді, еңбегін бағалағаны ғой – Президенттен бастап жекелеген тұлғалар, қоғамдық ұйымдар мен кəсіпорындардың көңіл айтып жатқаны» – деген еді.

… Кенжекең əзілдескенімізді ұнатушы еді. Олардың бəрі көз алдымызда. Шын пейілімен күлетін еді. Ондай кезеңдеріміз көп болатын. Бірде үйге келіпті. Жұбайым Айтжан: «Кенжеке, қорада бір семіз ешкі тұр еді, соны сойып берші, əрі Сізге қонақ асымыз болсын» – депті. Кенжеболат: «Мен ешкі сою білмеймін» – дейді ғой. Айтжан: «Сонда сиыр ғана соясың ба?» – деген ғой.

Үйге келсек, екеуі шексілесі қатып күліп отыр. Сол əңгімені айтып, бізді де біраз күлдірген. Жалпы менің інілерім де, балаларым да Кенжекеңе жезде деп артықауыс сөз айтпайтын. Ағасындай сыйлаушы еді.

Əңгімемнің басында «көзден кетсе де көңілден кет пейтін жандар болады» деген едім. Бұл риясыз шындық. Біреу тірі жүрсе де, жоқ сияқты, біреу өмірден өтіп кетсе де бар сияқты. Қатар өсіп, сыйлас болғаннан болу керек, Кенжеболаттың қазасы жаныма қатты батты. Өмірдің заңы, ешкім мəңгілік еместігі белгілі. Тағдырдың осы бұйрығына да тəубе деп, шүкірлік жасаймыз. Ұрпақтарының өсіп-өніп келе жатқаны – көңілге демеу.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

 еңбек ардагері.