Республика күні – ел Тәуелсіздігінің бастауы

Ұлттық мереке – Республика күнін ұлытаулықтар да тойлады. Аудандық мәдениет үйінде еліміздің егемендігі туралы Декларация қабылданған күннің тарихи маңыздылығы кеңінен баяндалды. Жиында өңір белсенділері мен сала қызметкерлері марапатталып, құрмет биігінен көрінді.

Марапаттау сәті аудан әкімі Аманжол
Мырзабековтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Ел Тәуелсіздігіне жол ашқан Республика күні Қазақ елінің Ұлттық рухын көтеріп, әлемдік мәртебесін асқақтатқан күн. Өйткені, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Осы тарихи құжат ел егемендігіне алғаш жол ашты. Сондықтан, бостандық пен еркіндіктің бастауына айналған айтулы күн баршаңызға құтты болсын! – деді аудан басшысы.

Сөз соңында Аманжол Батырбекұлы Ұлытау облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан үшін аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Клара Әбдрахманова мен «Берген» шаруа қожалығының басшысы Ербота Жәнібековты Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Облыс әкімі Дастан Рыспековтың Алғыс хатына Қоскөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айнагүл Такеева, аудандық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Жолдасбек Рашит, «Бекетай баба» шаруа қожалығының механизаторы Денис Семилетов, «Өмірбек» шаруа қожалығының механигі Айдын Тоқтаров иеленді. Сонымен қатар, шара барысында аудан орталығындағы жаңадан салынған үш қабатты үйден сала мамандарына жатақхана кілті тапсырылды. Бұдан кейін полиция ардагері Қанатбек Баповқа «Қазақстан Полициясының 30 жылдық» мерекелік медалі табысталды. Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Нұрсұлтан Байболов марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына Мәди Смайлов, Марат Жаңабаев, Марат Байдилдин, Қанат Жарасбаев, Гүлзар Аманқұлова, Орынкүл Асылбекова және Жезді кентінің тұрғыны Самбодан Азия және Әлем чемпионы Абылайхан Алшымбек ие болды.

Құттықтау тілек одан кейін де жалғасты. Аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады. Өз кезегінде мәслихат төрағасы түрлі салада қызмет етіп, жетістікке жеткен мамандарды Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында №1 Ұлытау тірек мектебінің мұғалімі Еркебұлан Бегаев, Жезді кенті әкімі аппаратының бас маманы Алмагүл Әлмағамбетова, аудандық мәдениет үйінің шаруашылық меңгерушісі Бақытгүл Бекетаева бар.
Салтанатты шара жалғасы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертімен түйінделді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.