Өресі биік өлкетанушы

Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихы мен мәдени құндылықтарының табылуына, сақталуына, зерттелуіне өлшеусіз үлес қосқан өлкетанушы, осы аймақта музейтану саласының жандануына атсалысқан азамат Сүтемген БҮКІРОВТІҢ туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің тұңғыш директорының өмір жолындағы бағыт-бағдарын Ұлттың ұлы перзенті Қаныш СӘТБАЕВ пен Қазақстан археология ғылымының негізін қалаушы, академик Әлкей МАРҒҰЛАН айқындап берді деуге болады.

1969 жылы аймақтағы алғашқы музейлердің бірі Қаныш Сәтбаев атындағы Ленин орденді Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік музейін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныс кеншілер, металлургтер, инженер-техниктер қауымы арасында қолдауға ие болды. Музей директорлығына таңдау Сүтемген Тақабайұлына түсті. Сүтемген ағай алғашқы күннен бастап қызу жұмысқа кірісті. Мәскеу, Ленинград, Дондағы Ростов, Алматы, Қарағанды, Шымкент және тағы да басқа қалалардың музейлерінде болып, тәжірибесімен танысты, оны өз ісінде тиімді пайдалана білді.

Директорға жұмыстың барлық саласына араласуға тура келді. Ол ғылыми тұжырымдама жасау, қор жинау, экспозицияны жасақтау сияқты жұмыстарға тікелей араласып, музей қызметінің негізгі бағыттары – ғылыми зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихат жұмыстарын қоса-қабат жүргізді. Осылайша, Ұлытау-Жезқазған өңірінде музейтану ісінің негізін салды. Кенді өлкенің шежіресін түзіп, тарихи тұлғалар келбетін музей экспозицияларында көрсету жұмысын жолға қойды.

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің тарихы осы 1978 жылы, 10 мамырда Жезқазған кен-металлургия комбинаты мұражайы негізінде құрылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастау алады. Бұл жаңадан ашылған облыстағы елеулі оқиға еді. Сүтемген ағай 1978-1980 жылдары оның алғашқы директоры болып қызмет атқарды. Өз басшылығымен тарихи-өндірістік мұражайда жинақталған мыңнан астам құнды жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорына өткізуі өңірімізде жаңа тарихи-мәдени ошақтың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етті. Жәдігерлер арасында кенді өлкеге белгілі қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғалар, стахановшы-кеншілер, мәдениет пен өнер өкілдерінің құжаттар мен фотосуреттері де бар.

Музей қорының табиғат бөліміне «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың Өскемендегі зоокомбинатта жасалған тұлыптары алынса, нумизматикалық және этнографиялық жәдігерлердің алғашқы бұйымдары да қорды толықтыра түсті. Қазақ ССР Зоология институтының директоры Балдырған Қожамқұлова және академик-археолог Әлкей Марғұланмен тығыз байланыс орнатылуы музей қызметі жинақтау бағытының дамуына оң әсер етті. Атап айтқанда, қызметкерлер 1979 жылы Тамғалынұра мекеніндегі тастағы таңбаларды анықтау жұмыстары мен Орталық Қазақстан архитектуралық ескерткіштерін қорғау және қалыпқа келтіру экспедиция — сына қатысты. Музей қоры 1979 жылдан бастап кешенді түрде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары мен көлемді экспедициялар барысында археологиялық, палеонтологиялық және геологиялық коллекциялармен, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін айғақтайтын құнды жәдігерлермен, сонымен қатар, кенді өлкенің өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек, соғыс ардагерлерінің, кеншілер мен ауылшаруашылық қызметкерлерінің, білім, денсаулық және мәдениет өкілдерінің жеке құжаттары және бұйымдарымен толықты.

Өресі биік өлкетанушының ескерілмей жүрген есімдерге қатысты ізденістері – өз алдына бөлек тақырып.

«ХХ ғасырдың музей-адамы», «Музей ата» лақап аттарымен белгілі Сүтемген ағайдың Әлкей Марғұланмен 1972 жылы кезекті экспедиция жұмысы барысында танысуы ұзақ шығармашылық байланысқа ұласты. Әлкей ағаның өлкетанушыға жолдаған хаттары, алғашқы жәдігерлер – тастағы таңбалар мен «Түрік заманындағы тас мүсіндер» диорамсынадағы адамтас бейнесі – соның дәлелі. Ғұлама ғалым Сүтемген ағайға жолдаған бір хатында Ұлытаудың әр тасы тұнып тұрған тарих екенін меңзейді әрі олардың әлі де зерттеуді қажет ететіндігін баса айтып, болашаққа бағыт-бағдар береді.

Сүтемген Тақабайұлының шоқтығы биік еңбегінің бірі – Ұлы Отан соғысында қаза болғандар мен хабарсыз кеткендердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жарық көрген «Боздақтар» кітабы.

Елжанды азамат «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін»,

«Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Жезқазған облыстық «Парыз» қорының Ә.Бөкейханов атындағы сыйлығының иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. 1996 жылы дүниеден өтті. 1997 жылы Рыбачий поселкесіндегі Прудная көшесіне С.Бүкіровтің есімі берілді.

С.Бүкіровке байланысты зерттеулер – алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Оның музейлік коллекциялары көптеген өлке зерттеушілердің монографиялық жұмыстарында пайдаланылды. Терең бағамдасаң, бір адамның осыншама іс тындырғанына таң-тамаша қаласың… Егер біз бәріміз халқымыздың өткеніне осы кісідей азаматтық көзқараспен қарай білсек, еліміздің еңсесі қазіргіден де биік болар едіау, шіркін!..

Шолпан ТӨЛЕГЕНОВА,

Жезқазған тарихиархеологиялық музейі директорының бұрынғы орынбасары,

зейнеткер.