ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Ұлытау облысында жұмыс сапарымен болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов және Парламент депутаттары Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында алдымен депутаттар Сәтбаевтағы №1 жылу стансиясындағы еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, экология және «қара қар» мәселелерін талқылады.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті.

Сонымен қатар «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-ге тиесілі №1 Жылу стансасы басшыларының Сәтбаев қаласын ластауы бойынша түсініктемелерін және атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайту бойынша атқарылу керек кешенді шаралар жоспарын тыңдады.

Жұмыс сапары аясырда сондай-ақ №1 Жылу стансасындағы №4 қазандықта орнатылған эмульгатор түріндегі заманауи күл ұстағыш қондырғысының жұмысы бақыланып, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-ға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтар болсақ, 2025-2026 ж.ж. жылу беру маусымына дайындық барысында №1 Жылу стансасындағы №1,2,3 қазандықтарға күл ұстағыш эмульгаторларды орнату міндеті жүктелді.
Алайда, күл ұстағыш эмульгаторларды орнатқаннан кейін станцияның жылу қуаттылығы азаятындықтан, №2 Жылу стансасы арқылы да тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын атқару бойынша тапсырмалар берілді.
Ал Ұлытау облысы әкімдігіне жеке секторды газдандыру жөніндегі жобаларды іске асыруды қолға алу тапсырылды.
Сапар барысында Мәжіліс депутаттары Жезқазған қаласындағы шаруашылық ауыз су тазарту ғимаратындағы (гидроцех) жұмыспен де танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Үйтас-Айдос топтық су жүйелерінің кезеңдерімен, Есқұла су құбырының құрылысы және «Жезқазған қаласының шаруашылық ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту» жобалары бойынша Ұлытау облысының әкімдігіне, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 2025-2027 жылдары жобаларды қаржыландырып аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.