Президент Жолдауы — жаңа қадамдардың бастамасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 01.09.2023 жылы Парламент сессиясының ашылуында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Жолдауда адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. «Басты мақсат — қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс» — деп айтылды.

Енді еңбек адамдарының тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар Жолдаудың негізгі тұстарына тоқталайын. Бүгінде қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін еңбеккерлердің құқығын қорғау — кәсіподақтардың күн тәртібінен ешқашан түспегендігін ескерсек, Мемлекет басшысының айтуынша елімізде өндірісте жарақат алу көрсеткіші әлі де жоғары болып тұр. «Өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып отыр. Үкімет 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын осы жылдың соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл құжат жұмыс орнындағы кәсіби сын-қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталуы керек» — деп айтып өтті Президент.
Бұдан бөлек, өз саласына сіңірген еңбегін және денсаулығына келген зиянын ескере отырып, жұмысшыларға зейнет жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем берілетінін жариялауы көңіл қуантады. Сондай-ақ, ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы жағымды жаңалық болды. Келесі жағымды жайт — азаматтардың табысын арттыру мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеру шешім болды. Дәл осы мәселе Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің әр түрлі алаңдарда үздіксіз көтеріліп келген өзекті мәселердің бірі болатын. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде халық саны көп, айлығы төмен Түркістан облысы еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыруға септігін тигізе отырып, олардың өмір сүру деңгейлерінің едәуір артуына әкелері анық. Жолдауда айқын бағыт-бағдар көрсетіліп, нақты тапсырмалар жүктелді. Ендеше еліміздің болашағы баянды болсын десек, жаңа белестерді бағындыруға жетелеп, ортақ мүддеге топтастыратын Жолдаудың жүйелі орындалуы үшін біз де бірлесе атсалысайық!

Айгүл АХМЕТОВА,
Ақтау ауылы мектебінің тәрбие ісі орынбасары.