Президент 2025 жылдың басты нәтижесін атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында 2025 жылдың басты нәтижесіне тоқталды. 

«Экономикамыз 6 пайыздан астам өсті. Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек. Дей тұрғанмен, еліміздің реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы деуге болады. Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты», — деді Президент.