Президент 2 ұлттық жоба әзірленіп жатқанын айтты
Президент Әкімшілігі «Қолайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» екі ілкі ұлттық жобаларын әзірлеуді үйлестіреді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Менің тапсырмаммен Президент Әкімшілігі «Қолайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» екі ілкі ұлттық жобаларын әзірлеуді үйлестіреді. Олардың нақты міндеті және жүзеге асырылу мерзімі бар, нақты нәтижелерге бағытталған. Не жайында екендігін еске сала кетейін. «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, жаңа құрылыс стандарттары бойынша шамамен 840 мың оқушы орны құрылысын көздейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы барлық ауылды қажетті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ол 800 мыңнан астам адам тұратын 650 елді мекенді қамтиды. 32 аудандық аурухананы көпбейінді медициналық мекеме деңгейіне дейін жаңарту жоспарланған.