Павлодарда шетел университетінің филиалы ашылуы мүмкін бе?
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Павлодар облысының креативті жастарымен кездескен кезде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Павлодарда шетел университетінің филиалы ашылуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.

«Өздеріңізге мәлім, өңірлерде осындай филиалдарды ашып жатырмыз. Павлодарда да мұндай жоғары оқу орнын ашу жоспарымызда бар. Бұл өңірде өте мықты өндірістік хаб болғаннан кейін, мықты серіктес іздеп жатырмыз. Біз бұл филиалдарды жайдан-жай ашпаймыз. Өңір экономикасына сәйкес келетін университеттерді шақырамыз. Яғни, мұнай, химия, металлургия, түсті металлургия салаларына қатысты бір мықты серіктес іздеудеміз», – деді Саясат Нұрбек.

