Патронаттық тәрбие – қорғаншылық және қамқоршылық тәсіл
Отбасы – болашақ азаматтың әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы қадам.
Отбасындағы өзара қатынас сипаты әдет-ғұрыптармен, ата-ананың өзінің бұрынғы отбасынан алған тәрбие-нұсқауларымен, темперамент ерекшеліктерімен, ерлі-зайыптылардың эмоцианалдық деңгейімен, олардың адамгершілік және педагогикалық мәдениетімен анықталады. Осының бәрі ата-ананың балаға деген қатынасында орын алады. Бұл балаға жетімдік қиянатын тарттырмаудың бір жолы. Қазіргі кезде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын сыйлаған жандар баршылық. Соңғы жылдары баланы жаңа отбасына бейімдеудің тағы бір түрі – патронаттық тәрбие жолға қойылды. Патронаттық тәрбие жетімдіктің алдын алуға және баланың үлкендермен айналасындағы адамдардың тұрақты түрде қарым-қатынас жасап отыруына және олардың психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Мемлекет қарамағындағы жетім балаларға отбасылық тәрбие беру тәжірибесі жүйелі жолға қойылуда. Солардың бірі – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды патронаттық тәрбиеге алу.
Бұл ретте елімізде көптеген отбасылар жетімін жылатпаған ел екенімізді дәлелдеп, мектеп-интернаттардан бауырларына бала бағуға құлшынып отырғандары да баршылық. Патронаттық тәрбие – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның ішінде тәрбиелеу, емдеу немесе осы тәрізді басқа да мекемелердегі кәмелетке толмаған балаларға берілетін қорғаншылық және қамқоршылық тәсілдерінің бірі. Патронат ата-ана қамқорлығына алған баласының жанының терең түкпіріне үңіле білсе, баланы тыңдай білсе, өзін де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді.
Патронат ата-ананың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруға күш салып, бүгінгі шешуі қиын деген мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынына сендіре білуі керек.
Балалармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана нәтижелі болады. Бала көңілі сезгіш, оның өмір жолын таңдауға өз құқы бар.
Сондықтан біз оларға үлкен өмірдің таңдауын жасарда көмек қолын созсақ, сәттілік әкеледі. Бала жаны әрқашан жылу мен мейірімді қажет ететінін естен шығаруға болмайды. Біздің өзіміздің адамгершілігіміз, өз жұмысымызға берілуіміз, баланы сыйлап қадірлеуіміз, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуіміз маңызды. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мәселесі – қашан және қай уақытта болмасын әрбір мемлекеттің ең өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Бұл балаларға еліміздің тарапынан біраз жағдай жасалып жатқанымен де, ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі жеткіліксіз.
Сондықтан да, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алып, отбасындағы жылы қарым-қатынасты көріп, ата-ана жылуын сезінуіне көмектессек игі. Жүрегі кең, тұрмысы тәуір азаматтар балалар үйінен қамқоршылыққа, патронатқа бала алып жатса, елімізде жетім балалар саны азаяр еді.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.