«Парасат жолы» бұрышы ашылды
Ұлытау аудандық орталық кітапханасында «Парасат жолы» бұрышы ашылды. Жаңа жобаның мақсаты – қоғамдық кесел саналатын сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал ету. Тың бастама жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындар арасында ұлағатты ұстаным мен адамға тән адалдық қағидаларын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Оның тұсаукесеріне аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, мекеме-кәсіпорындар басшылары мен оқырмандар қатысты.
Кімді болсын, биік парасат пен байсалды қалыпқа үндеп тұратын арнайы бұрыштың ашылу салтанатында Бағдат Тілеуліұлы жиналған қауымға сөз арнап, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Жақия Садықовпен бірге лента қию рәсімін жүзеге асырды.
Жалпы қауым үшін жағымды бастамаға қатысты риза пейілдерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, аудандық мешіттің бас имамы Жанболат Рахымбердиев, Ұлытау селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы, медиатор Есенғали Әбжамалов білдіріп, өздерінің пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараға орай ұйымдастырылған «Ұлытау – адалдық алаңы» тақырыбындағы кітап көрмесіне кітапханашы Сандуғаш Дүйсенбаева шолу жүргізді.
Рәсімдегі қорытынды сөзінде аудандық орталық кітапхана директоры Салтанат Ниязова «Адалдық алаңы» жобасы аясында аудан аумағындағы барлық кітапханаларда тақырыптық мазмұндағы шаралар ұйымдастырылып тұратынына назар аударды.
Өз тілшімізден.