Отырарлықтар – Ұлытау өңірінде
«Ұлылар Отаны – Отырардан Ұлт ұясы – Ұлытауға» атауымен жасақталған тарихи-танымдық экспедиция Оңтүстік өңірден сапарға шығып, ұлттың табысқан төбесі, ұйысқан іргесі Ұлытауға атбасын тіреді. Оларды Сапар орталығында аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ пен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ұжымы құшақ жая қарсы алды.
Аталған экспедицияның жоспарлы жұмыстары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналыпты. Оның құрамында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, танымал айтыскер, Қазақстанның Халық ақыны, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері Әселхан Қалыбекова, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жангелді Махашев, Отырар аудандық мәдениет үйі мен аудандық музейінің қызметкерлері бар.
Экспедиция мақсаты – Отырардың терең тарихымен таныстырып, ұлы тұлғаларын кеңінен насихаттау. Ал, Ұлытауға келу себебі – қасиетті өңірдегі киелі орындарға тәу ету. Ізгі ниетті меймандар Алаша хан кесенесін, Жошы хан кешені мен Домбауыл мазарын көріп қайтты. Сапар соңында Әулиетау, Ембұлақ төңірегіне аялдап, Ұлытау табиғатын тамашалады. Бұдан кейін экспедиция мүшелері Сапар орталығында өңір жұртшылығымен кездесті.
Басқосуда Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Жангелді Махашев аты аңызға айналған.
Отырардың тарихы жайында кең мазмұнды әңгіме өрбітті. «Ұлы Жібек жолы» атанған тоғыз тарау керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан Отырар, қазақтың этнонегізі мен мемлекеттігі қалыптасқан Арыс пен Сырдария өзендері құйылысындағы ғылым мен мәдениет орталығы болғаны айтылды.
Ұлы Отырар өңірінің өткен тарихын көрнекі деректер арқылы насихаттау мақсатында республика көлемін толық қамтуды меже тұтқан көшпелі көрме ұйымдастыру қолға алынған екен. Ел назарына ұсынылған көрме аясында Отырарда туып, адамзатқа өшпес мұра қалдырған Әбу Насыр әл-Фарабидің Мысыр елінен Отырарға жеткізілген «ребаб», «әл-канун» аспаптарының көшірме нұсқалары көрсетілді. Былай қарағанда, екі аспап та қазіргі қолданыста жүрген қобыз бен жетігенге ұқсас. Бұл аспаптардың Отырар музейіне жеткізілуіне Мысыр еліндегі Қазақстан елшісі Қайрат Мамашәлиев қолдау көрсетіп, отырарлық азамат Серікжан Сейітжанов демеушілік жасаған екен. Бұдан бөлек, оңтүстік өңірдегі тарихи тағылымды жерлер мен мәдени нысандардың құндылықтары және ерекшеліктері хақында егжей-тегжейлі баяндалды. Бұл ретте, қызығушылық танытқан тараптарға туристік бағдарламалар туралы мол мәліметтер ұсынылды.
Мазмұнды шара аясында Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев Ұлылар мекені – Ұлытау жайында тартымды сыр шертті. Экспедиция мүшелеріне «Ұлытау» энциклопедиясы мен «Қасиетті Ұлытау» кітабын табыс етті. «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы Аман-Серік Есенғали да жүрекжарды лебізін білдіріп, буклеттер мен фотоальбомдар табыстады.
Өз кезегінде отырарлықтар да мұражай қызметкерлеріне Әселхан Қалыбекованың өлеңдер жинағын сыйға тартты. Бұдан кейін бәйдібектік композитор Нышан Төлегеновтың ақын сөзіне жазылған «Арыстан Баб» әнін отырарлық әнші Ұлжалғас Әбілдахан орындады. Әселхан апамыздың ұлы Айдос Баянбайұлы да Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін нақышына келтіре шырқады.
Келісті кездесуде айтулы ақын Әселхан Қалыбекова да көпшілікпен ой бөлісті.
– Ұлытауға келіп, көптен ойда жүрген мақсатым орындалғандай болды. Жошы хан, Алаша хан кесенелерін көріп, көңіл толды. Шынында да, сәулеті келіскен керемет кесенелер екен. Өз көзіңмен көргенге не жетсін! Қасиетті Әулиетауға да тәу еттік. Киелі шыңның биігіне шықпасам да, дәл қазір өзім тау басында тұрғандай сезім күйіндемін. Бізбен бірге екі күн бойы тарихи орындарды аралатып, мінсіз қызмет көрсеткен мұражай ұжымына айтар алғысым шексіз. Көптен көрмеген жақын туыстары келгендей ақтарыла сөйлеп, меймандос көңілмен қарсы алып жатыр. Қазақы ықыласы, қазақы ниеті бұзылмаған, әдемі дәстүрлі, әдеп-ғұрпы жақсы сақталған, сондай бір ғажап ел екен. Жалпы, өңір жұртшылығына ризашылығымды білдіремін,– деген Халық ақыны ойын одан әрі өлеңмен өрнектеді:
«Ембұлақтан су іштім ем болсын деп,
Қанаттарым қисаймай тең болсын деп
Әулиетау, өзіңе дұға қылдым,
Төрт құбылам халқымның тең болсын деп»
Көрме таныстырылымы мен жылыжүзді жүздесуден кейін мұражай ұжымы қадірлі қонақтарға арнайы дастархан жайып, ұлттық тағамдардан дәм татырды. Ұлытаудың қымызын ұсынды.
Мерейі өскен меймандар Жезқазған қаласына риза пейіл, хош көңілмен аттанды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ