Отанды қастер тұту – елдік тірегі
«Отанды қастерлеу – елдігіміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз өскелең ұрпақтың туған жеріне, Отанына қызмет етуіне дайын болуы бір ғана ата-ананың ғана емес, қоғамның, оны басқаратын мемлекеттік биліктің борышы мен абыройлы міндеті екенін естен шығармағанымыз жөн.
Биылғы 7 мамырда қарқынды дамуға бет алған тәуелсіз еліміздің Отан қорғаушылар күніне 29 жыл толып отыр. 1992 жылы дәл осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері құрылып, Отан қорғаушылар күні ресми мереке қатарына енгізілді.
Жалпы мемлекеттің мәртебесін арттыруда, жасампаз халқының жарқын болашаққа сенімін нығайтуда, экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскердің алатын орны ерекше екендігі бәрімізге мәлім. Осы жылдар ішінде Отанымыздың жоғары жауынгерлік әзірліктегі қарулы күші аяққа нық тұрып, айбынды әскері жасақталды деуге толық негіз бар.
Осы ретте, әскерді жас буынмен жаңартып, жасақтап отыру міндеті Қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен басқармаларға жүктелгені белгілі. Біздің Ұлытау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі де осы міндетті атқаруға өзіндік үлесін қосуда. Бөлімнің негізгі міндеті – бейбіт кезеңнен соғыс жағдайына ауысу кезінде жоғары деңгейде жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету болып табылса, қазіргі таңдағы аспанымызды бұлт торламаған тыныш замандағы қосымша міндеті – азаматтарды мерзімді әскери қызмет қатарына шақырып, олардан Отан қорғаушы сарбаз әзірлеп, 51 жасқа дейін жұмылдыру қорымыздың сарбаздар сапының әскери есебін толықтыру.
Қазақ елінің қарашаңырағы атанған киелі Ұлытау өңірінде өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғарғы басшылық тарапынан бекітілген жолдамаға сәйкес, 32 ұлытаулық жас сарбаз Қарулы Күштер мен республикалық Ұлан, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жіберілген болатын. Мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын жасқа толған күні-ақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге асыға аттанған жас сарбаздарды, оның ішінде, Руслан Әбілғазиев, Шәкен Базылхан, Қанағат Ғайнетден, Нұрсұлтан Жолдыбай, Нұрым Қабден, Асылхан Мейрамбаев, Аслан Сембайұлы, Ерасыл Төлен, Досбол Тұралы және Әсет Түсіпұлын ерекше атап өткім келеді.
Осы бір жылдың ішіндегі әскер қатарындағы сарбаздардың жауапкершілігі артып, тәртіп пен талапты жақсы түсініп, берік достық пен бауырмалдық қасиеттері танылып, туған-туысқандары мен жақындарына деген сыйластығы арта түспек. Әскери қызметшілердің ықпалымен топпен жұмыс жасауды, оқу-жаттығуларды жылдам орындап, тез шешім қабылдауды үйренеді, сондай-ақ, қиын-қыстау жағдайда әскери қару-жарақ пен күрделі әскери техниканы пайдалану дағдыларын қалыптастырады. Яғни, әскер негізгі дағдылардан басқа жас буынды тәртіпке, жауапкершілікке және шыдамдылыққа үйретеді.
Қазіргі таңда ұлытаулық бір топ жас сарбаз Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жіберілді. Аталған әскери қызметке қатысты Жоғарғы басшылық белгілеген жоспар Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жеке құрамы тарапынан 60%-ке орындалды, әрі қарай жасақтау – жоспарда.
Биыл 1 сәуірде біздің аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің құрылғанына 18 жыл толды. Бөлім ашылған күннен бастап, мыңнан астам жас буынның санасындағы Отанға сүйіспеншілікті нығайтып, елін, жерін қорғайтын азаматтарды тәрбиелеп келеді.
Қазіргі таңда ауданда жұмылдыру әзірлігін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Бөлім ұжымында өз ісіне адал, қызметтерін 10-15 жылдан астам уақыт зор жауапкершілікпен атқарып келе жатқан, мақтан тұтар қызметкерлеріміз бар. Олардың қатарында жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау қызметінің басшысы Айсара Әбішеваны, жасақтау қызметінің басшысы Даурен Смайылов пен күзет саласындағы Ерік Әбіловті атап өтуге болады.
Құрметті отандастар!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Аға буын мен жас ұрпақтың Отанымызды қорғап, әскери қызметке айтулы үлес қосқанын біз айрықша мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолындағы игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық және бейбіт ғұмыр тілейміз.
Еркебұлан МҰСТАҒҰЛОВ,
Ұлытау ауданының
Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы.