Оспан мазары қалпына келтірілді
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының ұсынысы негізінде Қарағанды облыстық «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ ұйымдастыруымен Оспан мазары қайта қалпына келтірілді. Жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылдық округінің орталығы Қорғасын ауылының солтүстік -шығыс бағытында 8 шақырым қашықтықта орналасқан.
Үш күмбезді тікбұрышты, үш бөлмеден тұратын мазар жартылай құлаған болатын. Оның кіреберісі оңтүстік-батысқа бағытталған, қасбеті әшекейлі шырша әдісімен өрнектелген. Ал бұрыштары жартылай дөңгелекті бағаналармен әсемделген. Кіреберістің фризі араб әрпімен жазылған. Ғимарат шикі кірпішпен қаланып, күйдірілген кірпішпен өрілген. Тарихи жәдігердің ұзындығы – 15 метр, ені – 8 метрге жуық, биіктігі – 7,3 метр.
Сырттан кіретін ортадағы есіктің оң жағында баспалдақ бөлмесі бар. Айналмалы баспалдақтар кірпіштен қаланған. Дәліз арқылы екі жақтағы бөлмеге өтетін есіктер қойылған. Ішкі қабырғалары мен бұрыштарында Шығыстың сәулет өнерінде кездесетін әшекейлі ою-өрнектер бар.
Оң босағадағы бөлмеде сұпыланып қойылған Оспанның үлкен баласы Сейдахмет пен келіні Шәрипа және олардың нәрестесі Шәден жатыр.
Шәрипа мінезі мен ақылының арқасында үй тірлігімен қатар, ел қамын да ойлап, бүкіл ауылға билігін жүргізсе керек. Соның арқасында атасы Оспанға салынған мазар құрылысын тікелей өзі басқарған.
Қайдан үйренсе де, осы кесененің ерекше бітімінде қалаушы шеберлер – Аман, Мүсілім, Сейітжан Нұрғожиндердің ерен еңбегінің нәтижесі бар. Оларға көмектескен Қоман Әбдірахманұлы кірпіш құюдың һас шебері болған. Күйдірген кірпіштері – өте жеңіл. Жергілікті халық олардың құрамына жылқының қиы, қылы, еш кінің қылы, тоңмай, сүт, тағы да басқа әртүрлі органикалық заттар қосылғанын айтады.
Оспан мазары кейде Шәрипа тамы деп те аталады.
Кесенені 1982 жылы Жезқазған тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері зерттеген.
Баян ШАЙГӨЗОВА,
«Ұлытау» қорық-музейінің бас қор сақтаушысы.