Қоскөлдегі қой шаруашылығы: ата кәсіп пен заман талабы тоғысқан бастама
Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл ауылында ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беретін маңызды бастама жүзеге асты. Ел ішінде еңбекпен есейіп, ата кәсіпті заманауи бағытта жаңғыртуды мақсат еткен жас фермерлердің ұйытқы болуымен «ЕДІЛБАЙ – ҚОСКӨЛ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, өз жұмысын ресми түрде бастады.

Кооперативтің төрайымы – іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып жүрген Эльмира Қашқынбаева. Ол жолдасы Жолдас Талғатұлымен бірге ауыл шаруашылығын тек күнкөріс көзі емес, ұзақ мерзімді, табысты кәсіпке айналдыруды көздеп отыр.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Осы орайда “ЕДІЛБАЙ – ҚОСКӨЛ” кооперативі де мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, 27,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, нақты жоспарлар аясында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Шаруашылықтың басты бағыты — асыл тұқымды еділбай қойын өсіру. Бұл мақсатта Қарағанды облысының Шет ауданынан 180 бас аналық және 10 бас аталық асыл тұқымды еділбай қойы әкелініп, селекциялық бағытта өсірілуде. Бүгінде кооператив қарамағында 700-ден астам қой бар.
Мал өсіруде ең маңызды кезеңнің бірі – қысқа дайындық. Бұл бағытта қоскөлдік шаруашылық тыңғылықты жұмыс атқарған. Қысқы мал азығы толық дайындалып, қойлар жылы қорамен, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етілген. Алдағы мақсат — қыстан шығынсыз шығып, көктемде сапалы төл алу.
Сонымен қатар, алдағы жылы шаруашылықты одан әрі кеңейту мақсатында трактор және шөп жинауға арналған пресс сатып алу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
“ЕДІЛБАЙ – ҚОСКӨЛ” кооперативінің тағы бір ерекшелігі — өндірілген өнімді тікелей тұтынушыға жеткізуге ұмтылысы. Жас фермерлер аудан және облыс орталықтарында, сондай-ақ Астана қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Онда қой етімен қатар, сүт өнімдері — құрт, май, қаймақ, ірімшік заманауи әрі тартымды қаптамада ұсынылады. Табиғи өнімдерге деген сұраныстың артуы кооператив өнімдерінің де өтімді болуына жол ашып отыр. Ең бастысы — баға қолжетімді, сапа жоғары.
Қоскөл ауылында жүзеге асып жатқан бұл бастама — тек бір шаруашылықтың ғана жетістігі емес. Бұл — ауылда жұмыс орындарының ашылуы, жастардың елде қалуы, ата кәсіптің жаңғыруы деген сөз. Эльмира Әмірханқызы мен Жолдас Талғатұлы секілді еңбекқор, ізденімпаз азаматтар ауылдың әлеуетін арттырып, өзгелерге үлгі бола алатынын дәлелдеп отыр.
Ауыл шаруашылығын дамыту — ел экономикасының берік тірегі. Ал сол саланы жүрек қалауымен, біліммен және табандылықпен қолға алған жас фермерлердің ісі әрдайым қолдауға лайық.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
