Қоскөлде – ғаламтор желісі
Ұлытау ауданының орталығынан шалғай орналасқан Қоскөл ауылына интернет желісі қосылып, тұрғындар қуанышқа кенелді. Арнайы құрылғы ауылдағы ең биік нүкте – орта мектеп ғимаратының шатырына орнатылды. Жуыр маңда оның қызметі бәріне де қолжетімді болады.
Бүгінгі күннің өзінде ауылдағы 80-ге тарта үй иелері заманауи технология игілігін пайдалануға ықылас білдірсе, оның 48-іне интернет орнатылыпты. Бұл жұмыс тұрғындар толық қамтылғанша жалғаса береді. Ауылдағы ағайын желіге қосылғаны үшін бір мәрте 18 000 теңге төлеуі тиіс. Ал ай сайынғы төлемақы құны – 5 500 теңге.
Осы орайда ауылдарға ғаламтор тартып, халықтың алғысын алып жүрген азамат «Дара Холдинг» ЖШС директоры Ермек Жүнісов екенін айта кеткен жөн. Ол бұған дейін интернет игілігін Пионер, Аманкелді, Шеңбер, Қаракеңгір ауылдары мен Ақтас кентіне жеткізген болатын.
Бірмаш КЕНЖАЛИН, ауыл ақсақалы:
-Ауылға интернет келгеніне қатты қуандық. Әсіресе, балалардың шаттығында шек жоқ. Енді оқушылар сабақтарын ғаламтор арқылы оқуға оңтайлы мүмкіндік алды. Бір жағынан әлем жаңалықтарын естіп-біліп отыратын болдық. Ермек баламызға айтар алғысым шексіз.
Шайзат ТІЛЕУОВА, №11 Қоскөл орта мектебі диркторының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
— Мектеп тірлігі ғаламтормен тығыз байланысты. Көптеген іс-шаралар мен жиындар пандемияға байланысты онлайн өткізіледі. Бұл ұстаздар қауымы үшін өте қолайлы. Мектеп ұжымы атынан Ермек бауырымызға рақмет айтамыз.
Ерболат ҚАЛИЕВ, 11-сынып оқушысы.
— Мектеп оқушылары үшін интернетті қолдану – тиімді тәсіл. Биылғы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қатысамыз. Бұл біз үшін үлкен жаңалық. Бір сөзбен айтсақ, қажетіміз толық табылғандай күйдеміз.
Жасұлан АЯШЕВ.
ҚОСКӨЛ ауылы.