Қоскөл ауылында асыл тұқымды қой шаруашылығы кооперативі жұмысын бастады
Ұлытау облысы, Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл ауылында «ЕДІЛБАЙ–ҚОСКӨЛ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, өз жұмысын бастады. Кооператив төрайымы — Эльмира Әмірханқызы Қашқынбаева.

⠀
Аталған шаруашылық мемлекеттік қолдау аясында 27,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты жоспарларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жас та болса іскер азаматтар Эльмира Әмірханқызы мен жолдасы Жолдас Талғатұлы шаруашылықты жаңа заман талаптарына сай дамытып, ата кәсіпті абыроймен жалғастыруда. Осы мақсатта Қарағанды облысы, Шет ауданынан 180 бас аналық, 10 бас аталық асыл тұқымды еділбай қойларын сатып алып, өсірумен айналысуда.
⠀
Қазіргі таңда шаруашылықта 700 астам қой өсіріліп, қысқы азық қоры толық дайын. Қыстан аман шығып, көктемде сапалы төл алу жоспарлануда.
Шаруашылық жылы қорамен және қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен толық қамтылған. Мал азығын тиімді дайындау үшін келер жылы трактор мен шөп жинауға арналған пресс сатып алу жоспарланып отыр.
⠀
Айта кететін жайт, жас фермерлер аудан, облыс орталығы және Астана қаласында ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне белсене қатысып, өнімдерін халыққа қолжетімді бағада ұсынып келеді. Ет өнімдерімен қатар сүт өнімдері, құрт, май, қаймақ, ірімшік заманауи, әдемі қаптамада дайындалып, тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие.
⠀
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
