«Қосүйтас» – даламыздың кіндігі
Ұлан байтақ ұлы ескерткіш ұлтымыздың ұясы Ұлытаудың табиғаты тарихқа, бауыры байлыққа толы осы дархан даланың қай жеріне барсаң да ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бабаларымыздың шексіз шеберлікпен, тамаша талғампаздықпен ұлылармызға тұрғызған кесенелерінен ғажайып өнерін көресің. Бұл кесенелерде ел бастаған көсемдердің, сөз бастаған шешендердің, қол бастаған батырлардың, елге билік айтқан даналардың, алыпты тапқан аналардың жатқанын сол кесенелердің құрылысының өзі-ақ айтып тұрғандай.
Бұл мәдени-тарихи ескерткіштердің зерттелгенінен әлі зерттелмегендері көп. Осы өңірде 782 тарихи-мәдени ескерткіштер бар дейміз. Бұл есепке алынғаны. Әлі есепке алынбаған, бойына құнды деректерді бүгіп жатқан тарихи-мәдени ескерткіш қаншама? Біз Алашахан, Жошыхан, Домбауыл, Басқамыр және Аяққамыр сияқты тарихи ескерткіштердің маңайынан шыға алмай жүрміз. Маңызы осылардан кем түспейтін қаншама ескеткіштер зерттелмай жатыр. Бір ғана мысал, Қаракенгір мен Егінді ауылының арасында қазақтың киіз үйі сияқты етіп салынған биік төбенің басында қатар тұрғызылған мазар тұр. Бұл өңірде мұндай архитектурамен салынған бірде-бір құрылыс кездестірмейсің. Мұны жергілікті халық «Қосүйтас» деп атайды. Мұны діни-ғұрыптық ескерткіш дегенмен, бұл жер күні бүгінге дейін толық зерттелмеген. Мүмкін бұл тарихта ерекше орны бар тұлғаға арналып салынған кесене шығар. Мүмкін мұнда алтын адам жатқан шығар. Мүмкін жатқан жері белгісіз болып журген хандарымыздың бірі болар. Қалай дегенде де мұндай өзге кесенелерден ерекше, ұлттық киіз үй сияқты етіп салынған құрылыста тегін адамдардың жатпағаны анық. Бұл туристерді таң қалдырып, таңдай қақтырар тарихи ескерткіш
Сондай-ақ, Барақ көлдің үстінде жатқан «Домбығұл сарай», Шеңбер ауылының оңтүстік батысында Қараторғай өзенінің шағын бір саласы Терібұтақтың жағасында дөңестің үстінде жатқан «Алыптың моласы» сияқты тағыбасқа да тарихи орындар зерттелсе, талай құпия ашылар еді. Бұл Ұлытауда туризімді дамытуға үлкен ықпал туғызар еді.
Нұршайық МАШАЙЫҚ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының экскурсоводы.