«Ortalyq» журналистері – Ұлытауда

Ұлытауға облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін МҰСАБЕКОВ бастаған журналистер тобы арнайы жұмыс сапарымен келді. Басылымның «Алтын бесік» қосымшасына материал жинақтауды мақсат тұтқан қаламгерлер аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ қабылдауында болып, екіжақты түсіністік ахуалында кең сипатты әңгіме өрбіді.

Газет басшысы Ерсін Кәрібайұлы сапардың негізгі мақсаты жайлы сөз қозғаса, Советбек Тұрсынұлы ауданның бүгінгі таңдағы даму деңгейіне шолу жасап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар тізбегіне егжей-тегжейлі тоқталды. Өңір басшысы сонымен қатар, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.

Бұдан кейін меймандар аудан орталығындағы «Сапар орталығында», аудандық Мәдениет үйінде, жуырда қолданысқа берілуі жоспарланған көпқабатты тұрғын үйлерде, кәріз жүйесін тазалау ғимаратында болды.

Аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбектің қатысуымен білім беру саласы қызметкерлері және газет оқырманы санатындағы қариялармен кездесу өткізді. Оның барысында жүздесуге жиналғандар облыстық газеттің қазіргі ұстанымына, бет-бейнесі мен мақалалардың өзектілігіне оң баға берді. Ақсақалдар – Әлімбек Жандарбеков, Есенғали Әбжамалов, Мағзұмбек Машайықов ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Аудандық «Ұлытау» газетінің Бас редакторы Ахат Құрмансейітов ортақ тақырып аясында ой толғады.

Журналистер Өнер мектебі мен Оқушылар үйінің үйірмелерінде болып, балалардың өнерін тамашалады, талантты оқушылардың қолынан шыққан бұйымдармен танысты.

Аудан әкімінің грантын жеңіп алып, өз істерін ашқан жас кәсіпкерлермен пікірлесіп, іс-әрекеттер нәтижесін бағамдады.

Сапар барысында журналистер тобы Қаракеңгір ауылдық округіне арнайы барып, ауыл тұрғындарының тыныс-тірлігімен, мемлекеттік мекемелердің қызмет нәтижелерімен тереңірек танысты.

Жасұлан АЯШЕВ