Орманды өрттен сақтайық!

Орман – адамзат баласының ең құнды байлығы. Тіршілік атаулы үшін аса зор қажеттілік – мөлдір су, таза ауа, алуан түрлі аң мен құс, балық, жеміс-жидектер бəрі орман саясынан табылады. Ендеше, орман – қоршаған ортадағы баға жетпес байлық көзі.

Ал, табиғат аясына демалған кезде əуелі өрт қауіпсіздігін, сонымен қатар, қоршаған орта тазалығын мұқият сақтаған абзал. Əсіресе, от жаққанда өте абай болу қажет. Бір ескертетін жайт, автокөлікпен тоғай арасына кіруге тыйым салынады. Тоғай шетіндегі белгіден аспай, сол жерге көлікті қалдырып кету керек.

Ең бастысы, табиғат аясында демалған сəтінде өзіндік қауіпсіздік ережелерін сақтауды қажет ететін орта екенін ұмытпаған жөн. Əркім демалған жерлеріне қоқыс қалдықтарын қалдырып кетпей, жан-жағын жинастырып жүруі тиіс. Осы бағытта Ұлытау ұлттық парк қызметкерлері бірқатар түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қорық аймағындағы жеке шаруа қожалықтарымен де өрттің алдын алу жəне табиғатты пайдалану ережелерін түсіндіру мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру мекемесінің қызметкерлері жəне табиғат қорғау инспекторлары орман-тоғайларға арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы мақсат – орман-тоғай алқаптарын ластамауға, бүлдірмеуге жасыл-желектерді сындырмауға жол бермеу. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін сақтау. Осы тектес жұмыстар 1-ші сəуірде басталған, əлі де қазан айының соңына дейін жалғаса береді. Өйткені, осы мезгілдерде алыс-жақыннан келетін қонақтармен бірге жергілікті тұрғындар да табиғат аясында демалуды көздейді. Сол кезде өрт қауіпсіздігі ережелері мұқият сақталуы – шарт. Бұл талап орындалмаған жағдайда белгіленген заңға сəйкес айыппұл салынатынын ескертеміз.

Өрт – тілсіз жау. Сондықтан табиғатты өрт қаупінен сақтау – баршаға ортақ міндет.

Мырзабек МҰҚАНОВ,
«Ұлытау» ұлттық табиғи паркінің қызметкері.