Орман өртіне жол бермейік!

Тіршілік атаулы үшін аса зор қажеттілік – тұнық су, кәусар ауа, алуан түрлі аң мен құс, жеміс-жидек, бәрі-бәрі орман саясынан табылады. Ендеше, орман – қоршаған ортадағы баға жетпес байлық көзі.

Үлкен де, кіші де, далалықта да, қалалық та осындай табиғат аясында саялап, рахаттана демалып, ләззатқа бөленгісі-ақ келеді. Әрине, жөн. Дегенмен, орманда демалу сәтінде өзіндік қауіпсіздік ережелерін сақтауды қажет ететін орта екенін ұмытпаған жөн.

Орманның жауы – өрт. Отты арнаулы орында жақпау, ұқыпсыз, кетерде от орнын шала сөндіру, темекі тұқылын сөндірмей тастау өрт шығуына соқтырады. Мұны әркім естен шығармауы қажет. Салдыр салақтық та зиян. Демалыс орнында шөлмек, қауырсын ыдыстарын, қағаз т.б. қалдықтарын қалдыру салақ адамдардың ісі. Шынылар (шөлмек), полиэтилен құтылары күн қызуы молайғанда, күн сәулесі әсерінен от тұтану қаупін тудырады.

Осындай келеңсіздікке жол жоқ. Сондықтан да, демалыстан кейін әркім соңында еш қалдық қалдырмай, отырған-тұрған орындарын жинастырып жүруі тиіс. Қайсыбіреулер қалдықтарын бір жерге үйеді де, «жинадық» деп ойлайды. Олай емес, өздерімен бірге ала кету керек. Онсыз орман іші, су жағасы қоқыс-қалдықтар аймағына айналуы әбден мүмкін.

Алайда, орманда тұтанған өртті сөндіре салу оңай шаруа емес. Сондықтан, ортақ іске көпшіліктің де жұмылғаны қажет болады. Ең абзалы – орман өртінің шығуына жол бермеу және оның алдын алу шараларын жасау.

Тіршілік табиғат көзі, сарқылмас байлық, орман қорын болашақ ұрпаққа қалдыру ортақ міндет. Сол себепті тұрғындарға орманға келген кезде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды және болдырмауды сұраймыз.

Серік Мұқұш,

Ұлытау ауданы ТЖБ инженері,

азаматтық қорғау лейтенанты.