Қорға қаржы аударады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ ел басынан өткерген сындарлы сәттен кейінгі Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде алға қойылған міндеттер ауқымы Қазақстан халқы тарапынан толық қолдау тапты. Солардың қатарында Ұлытау ауданының басшылығы мен жалпы жұртшылығы да бар екенін атап өткен жөн.
Осы тұжырымның нақты бір айғағы – аудан әкімдігінің аппараты мен аудандық мәслихат аппаратының ерікті түрдегі өзара ортақ ұйғарымы негізінде Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес құрылатын «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорына біркүндік еңбекақыларын аудару жөнінде шешім қабылдауы. Соған орай жинақталатын қаржы сомасы қордың есеп-шотына мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық қызметшілердің алдағы ақпан айындағы жалақысы есебінен аударылатын болады.
Бастамашы тараптар осынау ізгі ниетті қадамды ауданның мемлекеттік және коммуналдық-мемлекеттік мекемелерінің ұжымдары мен кәсіпкерлері терең түсіністікпен қабылдап, қолдау көрсетеріне сенім артады.
Өз тілшімізден.