Қолдау қөрсетті
Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биылғы күрделі кезеңде де өз жалғасын тапты.
Рас, пандемияға орай ұйымдастырылған шектеу шаралары аталмыш акцияның уақытылы өтуіне өзіндік кедергілерін келтірді. Мәселен, Ақтас округінде орналасқан кен өндіруші компаниялардың бірі «Камкон» фирмасы Ақтас пен Пионер елді мекендеріндегі негізгі мектеп оқушыларына тамыздың соңына дейін қыстық киімдер мен спорттық формаларды және оқу құралдарын жеткізіп берулері керек еді. Алайда, коронавирус эпидемиясына қарсы ұйымдастырылған шаралар оның өз мерзімінде аяқталуына мүмкіндік бермеді. Алайда, «Ештен кеш жақсы» деген қағидаға сай кәсіпорын басшылары Ақтас пен Пионердегі 24 оқушыға қыстық сырт киім, спорт киімдерін жуырда сатып әкеліп, оқушыларға таратып берді.
– «Мектепке жол» акциясына «Камкон» фирмасы жылда қатысып, біз ұсынған тізімге сай әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көмекке зәру отбасылардың балаларына киім-кешек, оқу құралдарын алып беріп келеді. Биыл №5 Пионер мектебінен 13, №12 Ақтас мектебінен 11 оқушының тізімін беріп едік. Солардың бәрі сырт киімдер мен спорттық киімдер және оқу құралдарын алып мәз болып қалды. Ауыл жұртшылығы аталмыш кәсіпорынның басшылары мен жұмысшыларына шексіз ризашылықтарын білдіруде, – дейді Ақтас округінің әкімі Ернар Иманғажы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ