Қойлыбай әулиеге берілген ас Дулығалы өзенінің бойын дүбірлетті

Ертеде қыпшақта өткен Ер Қойлыбай, Қолына жүрмейді екен қобыз алмай, – деп атақты Қожаберген жырау жырға қосқан Қойлыбай ƏБУРАХПАНҰЛЫ исі қазақ пір тұтар киелі тұлға. Ол – атақты бақсы, тəуіп, көріпкел, қобызшы. Зерттеушілер Қойлыбайды Қорқыттан кейінгі бақсылардың ірі өкіліне жатқызады.

Міне, сол тарихи тұлға, Ұлттық өнер мен мəдениетте өшпес із қалдырған, тарыққанға таяныш, зарыққанға демеу болған, дертіне дауа, жанына дəру іздегендерге дəрмен болған атақта бақсы Қойлыбай əулиенің ұрпақтары өткен аптада ас беріп, дүйім елдің басын «Дулығалы» өзенінің басында қосты. Өйткені, дəл осы жерде əулие баба мəңгілік дамылдап жатыр.

Ертеден жеткен есті əңгіменің біріне құлақ асар болсақ былай деп сыр шертеді. Сонау бағзы заманда Қаратаудың қойнауы қалың Қыпшаққа тарлық ете бастаған соң, елдің бір топ игі жақсылары қоныс жер іздеп Торғайдың торабы мен Арқаның атырабын шарласа керек. Ішінде Қойлыбай əулие де бар екен. Күндердің күнінде жер іздеген топ Ұлытаудың бөктеріндегі «Дулығалы» өзенінің жағасына келіп жетеді. «Шөбі шүйгін, суы мол, жазы жайлы екен. Қысының қабағына да қарайық» деп, ортақ келісімге келген олар жеткен жерлеріне қосын тігіп, қыстап қалады. Сол сапарда сырқатқа шалдығып, енді беті бері қарамасын сезген Қойлыбай бақсы қасындағыларға «Қыстың көзі қырауда сүйегімді Қаратауға сүйретіп əуре болмаңдар. Топырақ осы жерден бұйырған шығар, «Дулығалы» өзенінің жағасындағы алғашқы күні намазға жығылған қырдың басына жерлеңдер. Ұлытаудан бес түйемен арша əкеліп, басыма белгі қойыңдар», деп ақтық сөзін айтады.

…Қойлыбайдың қасиетті кісі екені содан ақ белгілі емес пе, арада қаншама жылдар өтсе де сол аршадан салынған мола күні кешеге дейін мұрты бұзылмай жетті. Тек кеңес заманындағы кейбір кеңкелестердің кесірінен моланың аршасы ашылып қалды. Бірақ олар да мұның зауалын тарттын. Жə, ол өз алдына бөлек əңгіме. Кейін, нақтырақ айтқанда 1993 жылы жұртшылық жұмылып кесене салды. Ал, 1994 жылы жазда əулиенің аруағына бағыштап дəл осындай ас беріліп, «Дулығалы» өзенінің бойын дүбірлеткен еді. Исі қазаққа сауын айтылған сол алқалы жиында аламан бəйге ұйымдастырылып, жүйріктер боз даланың шаңын көтеріп, балуандар боз кілемнің шаңын қаққан болатын. Сол ұлы думан араға отыз жыл салып тағы қайталанды.

Биылғы думанға осыдан тура отыз жыл бұрын тұрғызылған əулие баба кесенісінің жанынан дертіне дауа іздеп келетіндерге арналып салынған «Тағзым үйі» мен Қойлыбай əулиенің жан серігі, сырласы болған қасиетті қобыз мүсінінің орнатылуы себеп болды.

Кезінде емшілігімен сыйлы болған Қойлыбай əулиенің басына күні бүгінге дейін тəу етіп келетін жандар аз емес. Алайда, иен даладағы киелі мекенге келгендерді кісі аялдайтын нысанның жоқтығы қинайтын. Аудан орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан кешенге жетудің өзі оңай емес. Шаршап-шалдыққан жолаушы жиі далада қонатын. Енді ауыл азаматтарының арқасында бой көтерген тағзым үйі осы мəселе шешімін тапты. Мазар басына тағзым үйі салынып, кешенге баратын жол бойына нұсқаулық белгілер қойылды.

Хоош. Сонымен аптаның соңын ала қарт Ұлытау тарихи оқиға дейтіндей тағы бір шараға куə болды. 92 баулы, 5 таңбалы, қайқы қылыш Қыпшақ баласы алыс-жақын ағайындарға сауын айтып үлкен ас берді. «Дулығалының» бойында 60-қа тарта киіз үй тігіліп, сауапты шараға келген 2 мыңға жуық қонақтарға қызмет көрсетті. Ұлттық ойындардың түр-түрінен сайыстар өтті. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының қоюшы-режиссері Теміржан Жанботаев белгілі қаламгер Ғазиз Ештанаев жазған Қойлыбай əулие жайлы тамаша спектаклді тарту етті келгендерге.

– Жалпы Ұлытаудың тарихы бұл көне замандардан бастау алатын, тамыры əріде жатқан тарих. Сол көне тарихтың топырағында ашылып жатқан жаңа облысты енді алдағы уақытта туризмнің мекеніне айналдыру. Халықаралық туризмнің орталығына айналдыру деген мақсат бар. Сондықтан бүгінгі шара туризмді дамыту мақсатында жасалып жатқан дүние. Ұлытауда тарихи туризмге сұранып тұрған орын көп. Мысалы,осы Қойлыбай əулие мазарына жылына мыңдаған адам келеді. «Тағзым үйін» тұрғызған жұрт енді жол болса деген тілегін де айтып отыр, – дейді Ғазиз Ештанаев аймақтық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау өңірінде өткен тағылымды шараға Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы да арнайы атбасын бұрды. Аймақ басшысы ас алдындағы салтанатты шарада Қойлыбай Əбурахпанұлының Қазақ даласындағы атақты бес əулиенің бірі екендігін атап өтіп, ілкімді істің Ұлытау өңірінің кең көлемді туристік орталыққа айналуына өз үлесін қосатындығын да айтты.

– Өздеріңіз көріп отырсыздар. Жол жоқ. Рет-ретімен жол да соғылады деп үміттенеміз. Өйткені, облысымызда қазір көптеген шаруалар бар. Ендігі жылдары Байқоңырға дейін Қарсақбайдан асфальт тартамыз. Қарақұмға дейін жол жүреді. Осы жерге бүкіл Қазақстаннан келетін азаматтарға, ниеттеніп келетін ағайындарға мүмкіншілік жасауға өз тарапымыздан міндеттеме аламыз, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Аста өткен тағы бір айшықты шара кесене жанындағы құлыптасқа əулиенің қоңыр қобызының орнатылуы болды. Осы жерде белгілі жезқазғандық қобызшы Байғара Сəдуақасов «Дулығалы» бойын қобыздың қоңыр үніне бөледі.

P.S. Ел арасында бақсының есімімен бірге «Қойлыбайдың қобызы» деген тіркес сақталған. Сол ел аузындағы аңыздар бойынша Қойлыбай бір үлкен бəйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бəйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, сарын айтады. Кенет, бəйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бəрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай бас бəйгені жеңіп алған деседі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.