Облыстың өз санавияциясы болады

Бұл Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорнының Басқарма төрағасы Арман БАЯНБАЕВ жəне Басқарма төрағасының орынбасары Андрей ҚОСОЛАПОВПЕН кездесуінің нəтижесінде мəлім болды.

Аталмыш құзырлы кəсіпорын стационарлық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың жедел медициналық көмек жəне қабылдау бөлімшелері қызметінің үйлестірушісі болып табылады.

Ұйым жедел медициналық жəрдем станциясын кеңейтуге жəне біздің облыста медициналық авиация бөлімшесін ашуға ниетті. Бұл бағыттағы жұмысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі бойынша облыстың денсаулық сақтау басқармасы жүзеге асырады. Аталған нысандар облыс орталығында орналасатын болады.

Екі күндік жұмыс сапары барысында қонақтар Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасы мен «Жезқазған» медициналық орталығында болып, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қалалық жедел жəрдем станциясының жағдайымен танысты.

Өз тілшімізден.