Облыстық мәслихаттың кезектен тыс VІІ сессиясы өтті

Кеше I шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс VІІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, оның орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне 9 мәселе шығарылды. Біріншісі облыс мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбековтің тұрғылықты тұратын жерін ауыстыруына байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатысты болды. Бауыржан Шыңғысов Бекзат Комарұлына сәттілік тілей отырып, қоғамдағы, әлеуметтік желідегі белсенділігі, іскерлігі, қайырымдылық шараларындағы көптеген игі істері үшін «Біздің Депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтінгі бойынша «Қазақстан Республикасының Үздік депутаты» төсбелгісін табыстады.
Бекзат Комарұлы сессия қатысушыларына көпжылдық ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, мәдениет пен өнердің үздік қызметкерлеріне «Тұлға» сыйлығын тапсыру дәстүрі алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, меценат үш үздік білім беру қызметкерлеріне жылда ақшалай сыйлық табыстайтын болатынын жеткізді.
Бұдан әрі депутаттар «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Ұлытау облыстық мәслихатының шешіміне енгізілген өзгерістерді, «Ұлытау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның және облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын, облыс мәслихатының «Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасын сайлау туралы» шешіміне енгізілген өзгерістерді бекітті.
Сессия соңында облыс әкімі Ұлытау Берік Әбдіғалиұлы депутаттарға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қазіргі уақытта бекіту сатысында тұрғанын хабарлады. Бұдан басқа, келесі жылға арналған облыс бюджетін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты, қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар өз ұсыныстарын енгізе алады және осы маңызды іске белсенді қатыса алады.