Облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайланатын болды
Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайланатын болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысы қайта қаралуы қажет.
Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады. Соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады. Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды, – деді Президент.
Сондай-ақ ол жоғары лауазымға ие болғысы келетіндердің көп екеніне, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейтініне назар аударды.
Кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек. Сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн. Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына 2 жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.