Облыста оңалту орталығы ашылады

Ерекше күтімді қажет ететін балалар қоғамнан қағажу қалмауы тиіс. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмаларының бір парасы. Осы мақсатта Ұлытау облысының орталығында тұңғыш облыстық оңалту орталығы ашылатын болды.

Аталмыш орталық Жезқазған қаласындағы «Қарлығаш» соматикалық шипажайының базасында орналасатын болады. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған орын айына шамамен 50, жылына 600-ге жуық 1 жастан 14 жасқа дейінгі балаларды қабылдауға қауқарлы болмақ.

Жуырда Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы нысанның жөндеу жұмыстарын бақылады. Қазір қос қабатты ғимараттың бірінші қабатындағы жұмыстар аяқталған. Мекеме келер жылдың қаңтар айында қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша орталықта заманауи жабдықтармен жасақталған логопед, дефектолог, эрготерапевт кабинеттері, механотерапия кабинеттері, ординаторлық бөлме, емдік денешынықтыру залы, физиотерапия кабинеттері, бальнеологиялық ем түрлері (ваннада, сумен қабылдайтын түрлі ем), физиотерапия (тұзды, шунгит бөлмелері), интерактивті жəне сенсорлық бөлмелер болмақ. Ем қабылдау циклы — 21 күн.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау облысының орталығында тұңғыш рет ашылғалы отырған мемлекеттік оңалту орнын жабдықтау жəне мамандарды оқыту «Қазақстан халқына» қоры қаражаты есебінен жүргізіледі.

Ізбасар ОЙБАС.