Облыста мұнай базасы салынады

Жезқазғандағы Оңтүстік өнеркəсіп аймағында жаңа мұнай базасының құрылысы басталады. Инвестициялық жобаны жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге «PetroRetail PFS» ЖШС жүзеге асырмақ. Мақсат — өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.


Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов жобаның іске асырылу жолымен танысты. Мəлім болғандай, жаңа мұнай базасы жазғы жəне қысқы дизель отынын, сондай-ақ АИ-92 жəне АИ-95 маркалы бензинді қабылдау, сақтау жəне босату бойынша бірқатар нысанды қамтиды.
Мамандардың айтуынша, жобаның жалпы ауданы 7 гектарды құрайды. Оның шамамен 5 гектарына құрылыс жүргізіледі. Сондай-ақ сақтау көлемі 5 мың текше метр болатын жанармай сақтайтын резервуарлық парк қарастырылған жəне оны болашақта қажеттілігіне қарай 10 мың текше метрге дейін үлкейтуге аумақ жеткілікті.
Сонымен қатар, аталған орында 5 вагон-цистернаға құйылатын темір жол эстакадасы, сорғы станциясы жəне автоцистерналарға құю станциясы, трансформаторлық қосалқы станция жəне дизельдік электр станциясы, əкімшілік корпус, теміржол жəне басқа да объектілер орналастырылатын болады.
Жобамен танысқаннан кейін тараптар ескерткіш капсула салу рəсімін өткізді. Айта кетейік, мұнай базасының құрылысы биыл шілде айында басталады. Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жылғы тамыз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.