Облыс әкімінің орынбасары қала–аудандар мен ауылдардың жылу маусымына дайындығын тексерді
Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұ.Үсенов облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Жандарбековпен бірге Қаражал қаласының, сондай ақ Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының кенттері мен ауылдарына жұмыс сапарымен барды.
Тексерушілер ең алдымен Атасу кенті тұрғындарының жылу мәселесі мен көмір сапасына қатысты шағымдары бойынша «Жаңаарқа жылу» ҚММ жұмысымен танысты. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің, мекеме қызметкерлері мен тұрғындардың қатысуымен арнайы жиналыс өткізді. Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары шағымға сәйкес арнайы тексеру комиссиясы құрылып, тиісті жауапты қызметкерлердің жауапқа тартылатынын жеткізді.
Сондай – ақ, Атасу, Жәйрем, Ақтас кенттері мен Ақтүбек, Түгіскен, Бидайық, Байдалы би, Ақтай, Пионер ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, арыз – шағымдарын тыңдады. Сапар барысында әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы мен көмір қоры тексерілді.
Барлық кездесулерге аудан — қала әкімдері, тиісті мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Ұ.Үсенов тұрғындар көтерген мәселелерді жеке бақылауына алып, тиісті тапсырмалар берді.