Облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Бәрекенов мал шаруашылығы жөніндегі республикалық палаталар өкілдерімен кездесті

2022 жылғы 6 — 7 қазанда Ұлытау облысының фермерлеріне арналған етті мал шаруашылығы жөніндегі республикалық палаталардың (Ақбас, Ангус, Әулиекөл, Герефорд және Қалмақ тұқымдары), сондай-ақ «Ұлытау» Әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ және «АӨК экономикалық талдау орталығы» ЖШС IT — мамандарының қатысуымен семинар — консультация өтеді.
Семинардың мақсаты — Ұлытау облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың түрлері, шарттары, АӨК — те несие беру, инвестициялық жобалар, сондай-ақ субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде субсидиялау процестерін орындау бойынша қызметтерді түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
 Бүгін, 6 қазанда семинар қарсаңында Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Бәрекенов, Ұлытау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы К.Мутаев республикалық палаталардың өкілдерімен кездесті.
 Кездесу барысында А.Бәрекеновке Палатаның өңірдегі фермерлермен ынтымақтастығы бойынша қызметі мен жоспарлары туралы баяндалды. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын одан әрі дамыту және шаруашылық басшыларын асыл тұқымды мал санын ұлғайту перспективалары туралы хабардар ету мәселелері қозғалды.
 Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары осы бағыттағы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысына бірқатар тапсырмалар беріп, семинарға қатысушыларға жемісті жұмыс тіледі.