Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды өңіріндегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді
Қарағанды облысында жедел вирусологиялық зерттеуге көп көңіл бөлінеді. Өңірде жалпы қуаттылығы тәулігіне 8 мың зерттеуге дейінгі жеті ПТР-зертхана жұмыс істейді. Бұл туралы Saryarqa телеарнасының тікелей эфирінде өткен брифингте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Сондай-ақ, өңірдегі КВИ бойынша жалпы эпидемиологиялық ахуал туралы түсінік берді.
— Статистика бойынша Қарағанды облысында ауырғандар саны тәулігіне 15-20 адамнан аспайды. Инфекцияның таралуының орташа көрсеткіші 1,11% — ды құрайды. Стационарлардағы төсектердің толтырылуы 4%-дан аспайды. Бірақ біз бүкіл әлемде жағдайдың алаңдатарлық екенін көріп отырмыз. Сондықтан инфекцияның таралуын болдырмау және алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Ауруды мүмкіндігінше ертерек анықтау, науқасты оқшаулау және үйде сапалы емдеу үшін алғашқы медициналық көмекті күшейтуге баса назар аударылады. Ол үшін облыста 288 мобильді емханалық бригада жұмыс істейді. Қосымша 122 жеңіл автокөлік және 60 реанимобиль сатып алынды. Жедел жәрдемнің санитарлық автокөлік паркі жыл соңына дейін толығымен жаңартылады.
Сонымен қатар, шалғай елді мекендерде жұмыс істеу үшін қажетті аппаратурамен жабдықталған тоғыз жылжымалы медициналық кешен дайындалды.
Сондай-ақ, осы жылдың көктемінен бастап стационарлардың төсек қоры 2 еседен астам – 2 200-ден 4 427 орынға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызу және емдеу жүріп жатыр.
Жезқазғанда 200 төсектік жаңа модульді госпиталь өз жұмысын бастады. Ол заманауи медициналық жабдықтармен: компьютерлік томографпен, сандық рентген аппаратымен, медициналық газдар жүйесімен, УДЗ, ЭКГ, ӨЖЖ және т.б. жабдықталды. Осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылуы тиіс. Шахтинск қаласында жұқпалы аурулар корпусын жөндеу аяқталуға жақын. Желтоқсан айында Абайда инфекциялық бөлімшені және Теміртауда провизорлық бөлімшені жөндеу аяқталады.
Сонымен қатар, бүгін, 9 қарашада Қарағанды медуниверситетінің кәсіптік аурулар институтының ғимаратында 150 орындық инфекциялық-провизорлық госпиталь ашылды.
Мәселен, Қарағанды облысында КВИ емдеуге арналған төсек саны 5,2 мыңға дейін жеткізіледі.
Аймақта коронавирусты тексеруге де көп көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта облыста жеті ПТР-зертхана жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы – тәулігіне 8 мың зерттеу. Талдау нәтижелерін күту уақыты – бір тәуліктен аспайды.
Қараша айында Балқашта ПТР-зертханасын ашу жоспарлануда, сондай-ақ Жезқазғанда осындай медициналық мекеменің өткізу қабілеті ұлғайтылатын болады. Осылайша, барлық зертханалардың жалпы қуаты тәулігіне 10 мыңнан астам тестіні құрайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.