Облыс әкімі Маруа Құлушева атындағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтады
Бүгін «Наурыз – балалар үшін басты мереке» акциясы аясында облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Маруа Құлушева атындағы балаларды қолдау орталығына барды. Қазіргі таңда бұл мекемеде 55 бала тәрбиеленуде. Аймақ басшысы балалар үшін барлық жағдай жасалған орталықты аралап, олардың шығармашылық жұмыстарымен танысты.
Балаларды шуақты мерекемен құттықтап, тәтті сыйлықтар үлестірген Берік Әбдіғалиұлы «Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық фестивалінде жүлделі орын алған және түрлі номинациялар бойынша марапатталған жас жеткіншектерге ерекше тоқталып өтті. «Жүрек жылуы» вокалистер байқауында бірінші орын алған Саша Лознухоға смартфон мен ақылды сағат сыйлады. Ал, «Көрермен көзі» номинациясын жеңіп алған «Тау гүлі» би ансамблінің қатысушыларына смарт-сағат табыстады.
Өз кезегінде балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері қонақтарға жарқын концерттік бағдарлама ұсынды.