Облыс әкімі Ұлытау ауданының орталығында болды

Аудан әкімдігінде өткен жиында облыс басшысына «Ұлытау» ұлттық мемлекеттік тарихи парк директоры Айдын Серкебаев ұлттық парк жұмысын ұйымдастыру барысы, материалдық жабдықталуы жайлы ақпарат берді. «Ұлытау» ұлттық паркі былтыр желтоқсан айында Үкімет қаулысымен құрылған. Жыл басынан бері республикалық мекеменің Ережесі бекітіліп, ұйымдастыру жұмысы жүрді. Аумағы 58,9 мың гектар болатын парк әкімшілігін орналастыру, материалдық қамсыздандыру бойынша шешімін күткен мәселелер бар. Штат кестесі 77 адамнан тұратын паркке қазіргі таңда 34 адам қабылданған. Тағы 17 адам штаттан тыс жұмысқа жұмылдырылған. Облыс басшысы Қарсақбай колледжінде ұлттық паркке қажет орман шаруашылығы, экология мамандықтарына оқыту мәселесін қарастыру, мекемені техникалық жабдықтау жөнінде министрлікке ұсыныстар енгізу керектігіне назар аудартты
Берік Әбдіғалиұлы аудан орталығынан Қаракеңгір ауылына апаратын жолдың жағдайымен танысты. Қазір жолдың 20 шақырымдық бөлігі орташа жөндеуден өтіп жатыр.
Аудан орталығында салынып жатқан жеке қонақ үй, ауданның құрылыс бөлімі тапсырысымен тұрғызылып жатқан «Алтын орда» тұрғын үй кешенінің құрылысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалмады.
Сондай-ақ облыс әкімі аудан орталығындағы су құбырларын реконструкциялау, абаттандыру барысымен, этнопарк жұмысымен де танысты. Нысандарды аралау барысында Берік Әбдіғалиұлы жауапты тұлғаларға жұмыс сапасы мен мерзіміне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.