Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлытаудан шыққан аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шармановтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты
– Ұлытау облысының Құрметті азаматы, қазақ елінің маңдайалды ғалым-профессоры, академик Төрегелді Шармановтың өмірден озуына байланысты марқұмның отбасына, жақын-жуығына, барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамын.
Төрегелді Шарманұлы – Ұлытауда туып, ұлтқа қызмет еткен еліміздің арда азаматы еді. Саналы ғұмырын салауатты өмірдің көрінісіне арнаған тұлға Қазақ медицинасының мақтанышы, дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының аңыз адамы бола білді.
94 жыл ғұмырында ұлттың саулығы мен амандығын ғана ойлаған Төрегелді ағамызбен бірге тұтас бір ғасыр көшіп кетті деуге негіз бар. Қазақтың ұлттық тағамдарының құнарын әлемнің түкпір-түкпірінде насихаттап, халқымыздың асыл азығының қадіріне жеткен де академик жерлесіміз еді.
Ұлытаудың қасиетті топырағынан жаралып, мемлекетіміздің денсаулық сақтау саласына өлшеусіз үлес қосқан арда азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушы иман байлығын нәсіп етсін, – деп жазылған көңіл айту жазбасында.