Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Caravan Resources» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғановпен кездесті

Кездесу барысында облыс әкіміне «Құрамында алтын бар кендерді үймелі шаймалау технологиясы бойынша «Ашықтас» кенішінде қайта өңдеу кешенінің құрылысы» жобасы таныстырылды. Тәжірибелік-өнеркәсіптік кешен Шалғия кентінен оңтүстікке қарай 10 км жерде орналасқан «Ашықтас» кен орнының жанында орналасады.

Бұл жоба Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына енгізілген. Инвестиция құны 11 млрд. теңгені құрайды, 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілетін өнім – алтын құрамдас қорытпа.

Қазіргі уақытта жоба бойынша «Ашықтас» кен орнында барлау жұмыстары жүргізілуде. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды ұзарту мен бағалау жұмыстарын жүргізуге қосымша мемлекеттік қолдау қажет.

Өз кезегінде өңір басшысы ауыл тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету бөлігінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасуды ұсынды. Облыс әкімдігі осы инвестициялық жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.