ОБЪЕКТИВТЕ: Өнерді серік еткендер
Мибұлақ ауылының тұрғыны, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жасұлан ӨКСҮКБАЕВТЫ ауылдастары «Сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деп құрмет тұтады. Ол – өте өнерлі азамат. Музыкалық аспаптардың кез келгенінде ойнайды. Ауылда өтетін өнер кештері мен той-томалақтың ортасында жүреді.
– Өнер маған атам Өксүкбайдан қонға ба деп ойлаймын. Өйткені «ол кісі жидеден қобыз шауып, сол қобызымен көне сарынға салып отыратын» дейді әкем Шоқан. «Қыз Жібек», «Жетімнің зары», «Көрғұлы» дастандарын жатқа айтады екен.
Жалпы, мен өнерге бала жастан әуеспін. Әкем өнерлі кісі болған. Кезінде Жезқазған поселкесінде Шынболат Ділдебаев құрған оркестрде домбырада ойнапты. Сол кісі маған домбыра, баян тартуды үйретті. Сегіз-тоғыз жасымда Жезді ауданында патриоттық әндер орындап жүрдім. «Батыр бала Болатбек», «Ақ кептерлер» әндерімен алғаш сахнаға шыққан кездерім есімде, – дейді Жасұлан Шоқанұлы.
Жәкеңнің өнерін шыңдауға қоршаған ортасы да үлкен ықпал еткен сияқты. Аға буынның сүйіктісінің бірі болған «Қаракөз» вокалды аспапты ансамблінің мүшесі Болат Есмұханов әкесінің сыныптасы екен. Осы ансамблдің орындауындағы әндер Жасұланның жастайынан жанына жақын болып, жүрегінде жатталып қалса керек. Қазірдің өзінде оның репертуарындағы әндердің дені – осы «Қаракөз» ансамблі орындаған әндер. Оның ішінде Жақсыкелді Сейіловтың «Неге солай?», «Кездесу» сияқты ешқашан ескірмейтін әндері бар.
МИБҰЛАҚ ауылы.
*** *** ***
Байқоңырлық Марат АШУБАЕВТЫҢ есімі Ұлытау-Жезқазған өңіріне танымал десек болады. Оны елге танытқан өнері ғана емес, ерекше хоббиы да. Мәкең Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың суреттерін жинақтап, арнайы қор жасаған. Бірақ, бүгінгі айтпағымыз ол жайында емес…
Саз бен сөзді саналарына ұялатқан отбасының балалары қашан да өнерге жақын жүреді ғой. Марат Ашубаев та осындай ортадан шыққан. Оның айтуынша өнер нағашыларынан дарыса керек.
– Нағашы ағам Қабдолла Момбеков мен екінші сынып оқып жүргенімде қолыма алғаш домбыра ұстатып еді. «Жас едім, өмірге еркін бойламаған» деп әр пернені саусағым майысып отырып, басып үйрендім. Дұрысында, үйретті. Содан бері қолымнан домбыра түскен жоқ. Есейе келе гитара тартуды үйрендім. Ол кездің жастарының қолында гитара жүретін еді ғой. Әуелде ауланың, кейін ауылдың әншісі болып кеттік, – дейді Марат өткен күндерді сағына еске алып.
Әскер қатарында, Отан алдындағы борышын өтеу кезінде де Марат музыкадан қол үзбеді. Әскери бөлімдер арасында өткен байқауларға қатысты. Өз бөлімінің вокалды аспаптар ансамблінің құрамында гитарада ойнады. Қазақ тілінде ән айтып, қарулас серіктерін тәнті етті. Музыкалық аспаптың түр-түрін еркін меңгерген қазақ жігітіне өзгелер тамсана, таң қала қарасты. Әскерден оралған соң Сәтбаев қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, халық аспаптар сыныбын бітіріп шықты. Сол кездегі талап бойынша жолдамамен Жезді поселкесінде екі жыл автоклуб меңгерушісі болып, шалғайдағы малды ауылдарды аралап, малшылардың құлақ құрышын әуезді әнмен қандырды.
Екі жылдан соң Байқоңырына оралған Марат Ашубаев күні бүгінге дейін осы өнер саласында тер төгіп келеді. Қазір ол ауылдағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі.
БАЙҚОҢЫР ауылы.