ОҚЫРМАНҒА БІР АУЫЗ СӨЗ
Қара күзден басталатын қарбалас шақ – «баспасөзге» жазылу науқаны биыл өте күрделі жағдайда өтуде. Өйткені, аймағымыздың ақпарат құралдары – қалалық және аудандық газеттер жеке меншікке сатылып, құрылтайшылары өзгерген…
Мемлекет басшысы айтқан «квазимемлекеттік секторларды оңтайландыру» мәселесі онсыз да басынан бағы тайғалы тұрған БАҚ-тардан басталды. Өткен жылдың қазан айында аймағымыздағы қалалық һәм аудандық газеттер жаппай жекешелендірілді. Бұл оқырмандарымызды да әрісәрі күйге түсіргені анық. Осындай алмағайып шақта ойлы оқырманға бір ауыз сөз арнауды жөн деп санадым. Ал, ойымды патша көңіл оқырман өздері пайымдай жатар.
«…Абайласақ, өнерлі уа білімді халықтардың басшылары журнал уа ғазита көрінеді. Мәштектерін терлетіп, қазақтың ауыл-ауылын қыдырып жүріп, есіткен-білгенін жүзбе жүз айту ешкімнің қолынан келмейді. Сол себепті біз есіткен-білгенімізді «Айқап» пен «Қазақстанда» жазып тұрмақшы болдық. Енді жұртшылық етіп, бұ журналымызды һәм ғазитамызды қазақ азаматтары жазылып алып тұрса, өзінің ортасынан шыққан білімділерінің сөздерін оқып-біліп тұрса еді. Һәм надандық дариясынан уа қараңғылығынан тез құтылар еді…»
Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, заңгер Бақытжан Қаратаев осыдан 110 жылдай бұрын «Қазақстан» газетінде (№4, 2 қаңтар, 1912 жыл, Орал қаласы) жарияланған «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» атты мақаласында осылай деп жазған екен.
Әрине, Бақытжан Қаратаев мақала жазып отырған кезде күллі қазақ даласында «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінен басқа басылым болмаған еді. Ал бүгінде, елімізде екі жарым мыңнан астам газет-журнал бар екен. Оның ішінде қазақша шығатыны 400-ден астам газет, 100-ден астам журнал болса керек.
Осындай қызыл-жасылы аралас қым-қуыт ақпарат базарында әр оқырман өзінің санасын сілкінтетін, орамды ой, тұшымды сөз айтатын, тұлғалардың ғибратты ғұмырын, ерлік ісін, туған жердің тарихы мен тағдырын саралап беретін басылым іздейтіні анық.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен асып отырған «Ұлытау» газеті де бүгінгі қазақы саяси сананың индикаторы болуда шама-шарқынша тер төгіп келе жатқан басылым. Құрылтайшысы өзгергенімен бағыты қалыпты, беталысы байыпты. Оны басылымның жаңа қожасы да айтып отыр. «Біздің қолдайтынымыз мемлекеттің саясаты, жоқтайтынымыз елдің жоғы, айтатынымыз ақиқат болады», дейді ол. Ендеше, сексен жыл ұлт ұясымен бірге жасасып, оның жылнамасын жазып келе жатқан «Ұлытау» осы бір өтпелі шақта өгей баланың кебін киіп қалмаса екен дейміз. Қоғамдағы күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқату үшін кейде «Ұлытаудың» көмегіне жүгініп жүрген оқырман осы бір алмағайып кезде одан сырт айналып кетпесе екен. Осы орайда Ахметше айтсақ, «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып көпшіліктің мұң-мұқтажына құлақ асып, оның шешімін табуға шығармашылық бағытпен үлес қосып келе жатқан «Ұлытау» газетіне қолдау көрсетіңіздер, жазылыңыздар дегім келеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ