ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде балалар уақытын текке жоғалтпай, білім жетілдіруі керек. Оның сапасын бақылауда ұстауды тапсырамын. Сондай-ақ облыстағы білім деңгейі тексеруден өтсін. Облыс бойынша мектептерде кабинеттер жаңартылып жатыр және құрылғылар алынуда. Сәйкесінше білім деңгейі жылдан-жылға жоғарылауы тиіс» – осылай деп Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында облыстың білім саласындағы бірқатар мәселені атады.

Одан бөлек өңір басшысы қала сыртында бүгінгі күнге дейін бір де бір мерзімді жазғы лагерьдің жұмыс істемеуін – білім басқармасындағы ұйымдастыру жұмыстарының төмендігіне балады.

Кеңес барысында белгілі болғандай, Ұлытау облысында қала сыртындағы жазғы лагерьлер ашу үшін Жезқазғанда, Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында жер белгіленді. Жезқазғанда орны бөлінген 400 орындық сауықтыру орталығының қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде.

Білім басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өзге қалалардағы лагерьлерге биыл облыстың 628 оқушысы жіберілмек. Әр баланың шығыны орта есеппен 150 мың теңгені құрайды. Бұл тұрғыда өңір басшысы аталған кәсіп түрін өз өлкемізде дамыту қажет екенін жеткізіп, «Ұлытау» ӘКК-на инвестжоба дайындауды ұсынды.