Оқушылар — «Жошы хан» кешенінде
Жезқазған қаласындағы №13 жалпы орта білім беретін мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 8 «ғ» сыныбының оқушылары мен ата-аналары «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне арнайы барып тамашалады. Ұлы тұлғаның кесенесіне тәу етті.
Танымдық саяхаттың мақсаты «Қазақстанның киелі орындары – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өлке тарихымен, тарихи ескерткіштермен танысу, жас буынның бойына ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарды сіңіру болғанын айта кеткен ләзім.
Кешен қызметкерлері саяхатшыларға тартымды деректерді алға тарта отырып, ұлтымыздың орта ғасырлардағы тарихы туралы әсерлі әңгіме айтып берді. Оқушылар оларды қызыға әрі құныға тыңдады.
Сапар барысында балалар мен ата-аналар ұлттық ойындар алаңында да болды
Бір күндік танымдық саяхат оған қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұтымды іске ұйытқы болған мектеп әкімшілігіне шынайы ризашылықтарын білдірді.
Ғайни РАХМЕТОВА,
тарих пәнінің мұғалімі, музейтанушы.