Оқу жылы 25 мамырда аяқталады
Оқушылар ата-аналарының өтініштері бойынша 19 маусымға дейін «жазғы мектептерде» сабақ оқи алады. Бірақ, бұл бәзбіреулер айтып жүргендей, «бесінші тоқсан» емес… Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталып, барлық білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылады. Мұғалімдердің демалыс ұзақтығы да еш өзгеріссіз қалды. Педагогтер бұрынғыдай 56 күн демалады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат ӘБДІРАЙЫМОВ бізге осылай деп мәлімдеді.
– Пандемияға байланысты білім беру саласы үлкен сынақтан өтіп жатыр. Шектеу шаралары мен сақтық талаптарына сай, мектептер қашықтықтан жұмыс істеді. Мұның бәрі білім сапасына елеулі әсер етті. Дәстүрлі оқуға қарағанда олардың қабілетін 100 пайыз қамти алмадық. Осыған орай, барлық мектептерде «жазғы мектеп» ұйымдастыру қолға алынды. Оған оқушылар ата-аналардың келісімімен ғана баратын болады.
Білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде оларды ұйымдастыру мәселелері бойынша түсініктемелер берілді. Әдістемелік ұсынымдар білім беру ұйымдарына жіберілді. Барлық жұмыс заң аясында, құқықтық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады, – дейді Бағдат Қабденұлы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ