НУМЕРОЛОГ БОЛЖАМЫ: Жыл тұрақты болады. Бірақ…

Кей халықтарда Жаңа жыл алдында көрген түс алдағы жылдың қандай болатынын аңғартады деген сенім бар екен. Ал, табалдырығын аттаған 2022 жыл қазақстандықтар үшін қандай болмақ? Нумерологтың болжамына назар аударайық.

ЖАЙЛЫЛЫҚ пен ҮЙЛЕСІМДІЛІК

Нумеролог Құралай Бақытқызының айтуынша, 2022 жылдың саны – 6. Ал бұл – жайлылық, үйлесімділік және әдемілік нышаны. 2022 жылдың ұраны – «Трендтен қалыс қалмау».

«2021 жыл консервативті жыл болды. Ұмыт қалған салт-дәстүрлер жаңғырып, қазақы көйлектер сәнге кірді. Туысқандармен арақатынас жақсарды. Ал алдағы екі жыл мүлде өзгеше. Адамдар жаңашылдыққа, трендке ұмтылады. Заман көшіне ілесіп жүруге тырысады. Батысқа еліктейді. Шаршамай-тоқтамай, үнемі еңбектенетін жыл», – дейді қазақстандық маман.

Әсіресе, туған жылы екі санына аяқталатын жандар үшін 2022 жыл өте сәтті болғалы тұр. Олар: 62, 72, 82, 92, 2002, 2012 жылы дүние есігін ашқандар. Қытай нумерологиясы бойынша олардың стихиясы – су.

Сонымен қатар туған жылы 3 цифрына аяқталатын адамдар үшін де жаман жыл болмайды. Ал туған күні 6 санына аяқталатын адамдарға 2022 жыл байлық әкеледі.

«Жаңа жылда адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүреді. Жиі көшіп-қонады. Тек алға қадам жасап, дамып, өсе береді. Сондай-ақ 2022 жыл депозит ашып, ақша жинауға қолайлы кезең. Бірақ көзсіз тәуекелге баруға болмайды. Асығыс шешім қабылдап, опық жеп қалуыңыз әбден мүмкін», – деп ескертті Құралай Бақытқызы.

Бұдан бөлек, 6 әдемілік саны болғандықтан, шығармашыл жандарға айрықша шабыт береді. Бейнелеу өнері, сәулет дамиды.

«2022 жылда қатарынан үш 2 тұр, ал бұл сан бізде идеяны, энергияны білдіреді. Адамдар ішкі түйсікке көп мән береді. Ал 6, сондай-ақ еңбекқорлық, тұрақтылық, ауызбіршілік белгісі. Егер адамның туған жылында алты саны болмаса, ақша тұрақтамайды, шашыла береді», — дейді ол.

МАХАББАТ ЖЫЛЫ

Нумерологтың сөзінше, алты саны бұл – Венера. Ал Венера махаббатты, жеке өмірді меңзейді. Сол себепті келесі жылы бойдақтар үйленіп, шаңырақ көтереді. Қыз-жігіттер өз теңін табады. Ел демографиясы жақсарады.

Бұдан бөлек, Құралай Бақытқызының айтуынша, 2022 жыл саяхатты, іс-әрекетті, ізденісті талап етеді.

«2022 жылы қимыл-қозғалыс өте маңызды рөл ойнайды. Сондықтан адамдар белсенді өмір салтын ұстануы керек. Өйткені олар қозғалыстың өзінен энергия, күш-қуат жинайды. Көрші қалаға көлікпен барып-қайтудың өзі медитация. Ой тазарып, жан рахаттанып, тың идеялар келеді», — дейді ол.

Осы орайда нумеролог келесі жылы солтүстікке, климаты «қатал», суық өңірлерге саяхаттауға кеңес берді.

«Былтыр мен батыс жаққа көбірек көңіл бөлу керектігін айтқан едім. Сөйтіп, биыл Каспий теңізіне қыдырып барғандар көбейді. Ақтау дамып кетті. Ал 2022 жылы солтүстікке, суық жаққа барған дұрыс. Адам энергияны солтүстіктен алады. Сол себепті саяхатқа шығарда Түркияны емес, Канада, Ресей, өзіміздің астананы таңдауға кеңес берер едім», — дейді Құралай Бақытқызы.

ТУРИЗМ ДАМИДЫ

Нумерологтың болжамына сүйенсек, Барыс жылы – Қазақстан үшін тұрақты. Билікте айтарлықтай өзгеріс болмайды. Шағын бизнестің тасы өрге домалайды. Әлеуметтік жағдайда өзгеріс болады.

«Бірінші жарты жылдықта азық-түлік, тауар бағасы қымбаттайды. Әлеуметтік ахуал өзгереді. Алайда жылдың екінші жартысында оң өзгерістер күтіп тұр. Баспана арзандауы мүмкін. Өндіріс ошақтары дамиды. Экспорт ұлғаяды. Шетелдік инвесторлар көбейеді, инвестиция құйылады. Жол картасы сынды бағдарламалар қабылданады, халық жұмыспен қамтылады. Одан бөлек, бұл жыл туризм, көлік логистикасы, жол құрылысы дамитын жыл», — дейді маман.

Тек қазан айында халық арасында наразылық, толқу болжанып отыр. Қалған айлар тыныш өтеді, деп болжады Құралай Бақытқызы.

ПАНДЕМИЯ ТОҚТАЙ МА?

«Коронавирус індеті тоқтай ма, жоқ па, оны ешкім білмейді. Бірақ денсаулық бойынша Қазақстанды жеке қарастырғанымда, 2022 жыл жақсы жыл деп шықты. Адам шығыны байқалмайды. Осыдан-ақ қорытынды шығаруға болады. Бірақ, менің ойымша, коронавирус мүлде жоғалып кетпейді. Тек тұмау сияқты жеңіл түрге өтеді», – деді нумеролог.

ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛҒАН ЖӨН

Қытай нумерологиясы бойынша 2022 жыл – су жолбарысы жылы. «Бұл жылды қара-көк түсті киіммен қарсы алған дұрыс. Жыл символы тым ашық, жарқын түстерді ұнатпайды. Суық түстерге басымдық берген абзал», — деп кеңес берді Құралай Бақытқызы.

Сонымен қатар оның айтуынша, 2022 жылдың алтыншы айы адамдарға сәттілік әкеледі.

Ғаламтор желісінен.