Өнегесі өрісті азамат
Табиғи дарынды ешкім де тежей алмайды. Ол тас жарып, атқылап жатқан бұлақ секілді. Шабытты шақта шалқар айдын, буырқанған дарияға айналады. Ал, Ұлытауда дүниеге келгендердің дарынсыз болуы мүмкін емес. Бұл қасиетті жердің ұландары Ұлытауға ұқсап туады. Сондай жанның бірі – Дәулет ӘБДІРАХМАНОВ. Өнерімен аты көпке таныс. Оны Ұлытау елі, қала берді, Жезқазған жұртшылығы да мақтан тұтады. Атақсыз-ақ абыройлы болған азамат – кейінгі буынға үлгі.
Саналы ғұмырын өнер саласына арнаған Дәулет Рақымбекұлы 1985 жылы Жезқазған педагогикалық институтының көркемсурет факультетін бітірген. Еңбек жолын Ұлытау ауданына қарасты №3 Аманкелді орта мектебінде бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып бастады. Сол кезде-ақ жерлестеріне қылқалам шеберлігімен қоса, музыкант ретінде де жете танылды. Ол дайындаған жас жеткіншектер түрлі байқауларға қатысып, өнер биігінен көрініп жатты. Аудан, аймақта өткен «Әнші балапан», «Күміс қоңырау» байқауларында оның шәкірттері бәйгенің алдын бермеді. Бертін келе, өзі өнерге баулыған сол шәкірттері жоғары оқу орындарының грантына ие болғанын да көрдік. Бұл ұстаз еңбегінің шынайы жемісі еді.
Қазақтың «Өнер – егіз» деген сөзі Дәукең сияқты бойында бірнеше өнері бар жандарға қаратып айтылса керек. Ол – қос өнерді қатар ұстап, өмір белестеріне нық қадам басқан азамат. Бүгінде Аманкелді ауылы клубында музыкалық жетекші. Жас буынды ұлттық өнерге баулығанды жөн көреді. Табиғатынан алғыр азамат бүгінгі күні де түрлі тақырыптар аясында жаңа бағдарламалар әзірлеп, оларды онлайн форматында өткізуден жалыққан емес. Оның осынау шаралары өзінің де, өзгелердің де мерейін үстем етіп отыр.
Бойында бар дарынын ауыл мәдениеті мен өнерін көтеруге жұмсаған жанға жерлестерінің айтар алғысы шексіз. Ол кезінде «Сарлық самалы» ән-би ансамблін құруға да белсене атсалысты. Тізбелей берсек, еңбегінің нәтижесін бір мақала аясына сыйғызу мүмкін емес. Анық білетініміз – аудан жұртшылығы Дәукеңді екі саланы қатар меңгерген өнерлі адам ретінде танып, бағалайды.
Шынында да ол үздік шәкірттер дайындаған білікті маман. Оның дәлелі – республикалық, халықаралық байқауларға қатысқан шәкірттерінің жеңісі. Екінші қырынан алғанда, табиғатқа құмарлығы өзгеше. Ол туған жер – ғажайып табиғатымен ерекшеленетін өңір. Ұлытау тауымен жалғасқан Кішітау бауырындағы Қорғантас мекені. Сол ерекшелік оның бойындағы өнердің ұшталуына, арман-қиялына қанат бітуіне, ән болып қалықтауына, көркем бояу мен суреттер салуына ықпал еткені сөзсіз.
Отбасы бүгінде Жезқазған қаласында болғанымен, өзінің ауылдан кете алмауы туған жерге деген сүйіспеншілігінің айғағы шығар. Арқалы азаматтың қабілеті мен еңбекқорлығын шынайы бағалаған ұжымы оны өздерінің өнердегі ағасы санайды.
Қарап отырсақ, мұндай қызметкерлер әр ауылдың клубында бар. Десек те, солардың көбісінің ұлттық өнерді насихаттауға құлқы жоқ. Ал, Дәукең – мүлдем бөлек ұстанымдағы жан. Ауыл жастарының өнерін шыңдау жолында аянбай тер төгіп жүрген өнерпаз. Ол өз ауылында – атақсыз-ақ абыройлы.
Үлкендердің батасымен көгеріп, көптің құрметіне бөленген азамат құдай қосқан қосағы Ботакөз Бәкібайқызымен бірге екі баланы тәрбиелеп өсірді. Тәтті қылықтарымен қуантып, шаңырағын шаттыққа бөлеп жүрген немерелері де бар.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – күнделікті еңбегімен руханият негіздерін нығайтып, шығармашылық еңбектің бағасын арттырып жүрген жандардың кәсіби мейрамы. Орайлы сәтте осы саланың майталманы, өнегесі өрісті Дәулет Рақымбекұлын төл мерекесімен әрі 60 жастың асқаралы асуына шыққан қуанышымен құттықтауды жөн санадық. Игілікті еңбегінің жемісі мен жеңісін көре беруін тіледік.
Қайрат ЖҰМАБАЙ