Өнегесі ерен тұлға

Өзінің ерен еңбегімен, терең білімімен, зор адамгершілік, қарапайым қасиетімен танымал болған Мəкен Төрегелдин əкеміз жайлы аға буын жақсы білгенімен, кейінгі ұрпақ толық пайымдай алды деп ойламаймын. Əрине мұны жастардың бойына сіңіруші сол аға буын, яғни біз. Мен өзімнің өмір кешкен дəуірімнің Мəкен əкеймен бір уақытқа тап келтірген тағдырыма мың мəрте ризамын. Жалпы бұл кісіден көрген тəлім-тəрбиемді, көпшілікте жоқ ерекше қасиеттерін жанұямда балаларымнан бастап жолдас-жора, қызметтестеріме айтып жүремін.

1976 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін Жезді №6 орта мектебіне дене тəрбиесі пəнінен дəріс беретін болып қабылдандым. Мұғалімдердің тамыз конференциясынан кейін жас мұғалімдерді Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қабылдады. Сол қабылдаудан соң көп уақытқа дейін білім деңгейі, сөз саптауы, жүріс-тұрысы өзім көріп тəнті болып келген атақты профессорлардан кем емес адамдардың ауылда да болғанына таңданып жүрдім. Ел адамдары туралы ойым бұрын басқаша болушы еді.

Бұдан кейінгі уақыттарда аудандағы қызметіме байланысты 7-8 жылдай ол кісінің номенклатурасында болғанымда Мəкен əкейді бұрынғыдан да терең білуге мүмкіншіліктер туды. Жалғыз мен емес, ол кісінің ұстанымын сол уақыттағы көптеген қызметкерлердің өздеріне қалыптастыра бастағанын байқадым.

Есімде ерекше қалғаны, Мəкең өзі өткізетін жиналыстарды бірде-бір рет кеш бастаған емес, өзі де кешігіп келуді білмейтін. Жиналыстар күн тəртібінде ғана өтеді, артық, бос сөзге бармайды. Бұл туралы Бақыт Смайловтың «Біз беймезгіл дəуірде өмір сүрдік» деген кітабында «Мəкең 10 минут сөйлейтін сөзге бір ай дайындық жасайтын, бізден алған мəліметтерді сүзгіден өткізуші еді» деген сөзінің өзі көп нəрсені аңғартады. Ол кісі жұмыс барысында дауысын көтеріп, мəдениетсіз сөздерді айтпайтын. Қоңыр, зілді сөздерінің өзі адресіне жетсе жүрегіңді қақтырушы еді.

Ауданда спорт комитетін басқардым, кейін кəсіподақ жұмыстарында жетекшілік еттім. Сол уақыттарда қатты аңғарғаным Мəкеңнің біздің жұмысымызға жасаған ескертулері нысанаға дөп тиіп жатушы еді. Қай салада болса да өз ережесі болады. Оған көптеген басшылар мəн бере бермей, жалпылама тапсырыстар беріп талап ететін. Ал Мəкең сол ережелерді басшылыққа алатын, тіпті сол саланың маманы сияқты еді. Əділ ескертулерге риза болатынбыз. Бұны жалғыз мен емес экономика, мəдениет, медицина, білім саласының басшылары да жиі еске алады.

Биылғы жылы Қоғам қайраткері, ҰОС ардагері, Мəдениет қайраткері, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры, Түркістан қаласы, Жезді, Ұлытау аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстанда баламасы жоқ тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейін ұйымдастырушысы – Мəкен Төрегелдиннің 100 жылдығы атап өтілуде. Осы атаулы күнге орай қазір 90 жасқа жақындаған ірі геолог Болат Жүгінісов ағамыздың жазған бір еңбегінен «дүниежүзіндегі тау-кен балқыту ісі бойынша мықты жұмыс жасап тұрған санаулы музейдің қатарында» деген жазбасын оқыған едім. Ол риясыз шындық. Осы жолда Мəкен əкей көп тер төкті.

Мəкең 1986 жылдан бастап «тау-кен балқыту ісі тарихы музейін» қолға алып, жұмыс жасап жатқанда, ол шаруаның бүгінгі күнгідей үлкен жетістіктерге жететініне көпшілік сене қойған жоқ. Тіпті қарсы əңгіме айтып, кедергі келтірушілер де болды. Қайсар мінезді Мəкен əкей өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін біреулердің қаңқу сөздерін елеген де жоқ.

Ол кісі қай уақытта болсын ҰОС ардагерлерін жоғары бағалап, үлкен құрмет көрсетуші еді. Жезді ауданы болып тұрған уақытта ардагерлердің мұң-мұқтажын орындауда берілген тапсырмаларды бірінші кезекте орындауға күшімізді салатынбыз. Мəкең ұзақ жылдар ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Мені үйіне шақырып алып бірекі сағатқа дейін өзінің өмір жолы, болған кедергілер мен жетістіктер жөнінде көп əңгіме айтушы еді. Мен де білгім келген сұрақтарымды қоятынмын. Кейде асығып отырсам ол кісі сезіп қалатын. Сол уақыттарда Мəкең бізбен бірге мəңгі жүре беретіндей көріппіз. Көкейдегі көп сұраққа жауап алу үшін уақыт тауып жиі əңгімелесе алмағаныма қазір өкінемін.

Бірде, ең кіші баласы – Жүніс туралы былай деп еді. «Соғыстың алдында мен жас жігітпін. Жүніс деген əкей болды. Ол кісіде өз кіндігінен перзент болмаған. Əкем мені қасқыр аулауға алып шығатын. Екеуміз апан қазамыз. Мен шаршап қалам, ал əкей болса топырақты қопарып тастайтын, сосын айтатын: «Əй, Мəкен, сен тамақ ішкенде менен артық ішесің, жұмысқа неге əлсізсің?» деп. Мына Жүністі сол əкейдің аты аталып жүрсін деп қойып едім» дейтін.

Бір кездескенде байқағаным ол кісі жазба жұмыстарын бір жағы пайдаланылған ақ қағаздардың ашық бетіне қарындашпен жазып отырады екен. Бұл да Мəкеңнің ысырапшылдыққа жол бермейтін қалыптасқан мінезі, əдеті шығар.

Бүгінгі күндері Мəкен Төрегелдин əкеміздің 100 жылдығына орай қызметтес болған азаматтар өздерінің естеліктерін жазып, ол кісінің 15 жылдан артық Жезді ауданын басқарғандағы іскерлігін, 20 жылдай тау-кен жəне балқыту ісі музейін ұйымдастыру жəне жүргізу шеберлігі туралы ой толғауда. Мен де сол көштің ортасынан көрініп, келешек ұрпақтарымызға Мəкеңнің тəрбиелік мəні зор, аңызға пара-пар еңбектерін насихаттап жүруді өзімнің бір парызым деп есептеймін.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

еңбек ардагері.