Өнегелі тұлғалар рухына – құрмет
Таяуда Сапар орталығының конференция залында 1990-2000 жылдары «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының басқарған Сабыржан Досанов, Байбатыр Шыманов, Майтон Алпысбаев сынды ел ағаларын еске алу кеші өтті. Мұны жұртшылық тарап айтулы азаматтардың рухына жасалған құрмет деп қабылдады.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілген шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, жоғарғыда есімдері аталған тұлғалардың әріптестері, замандастары мен ұрпақтары қатысты. Осы орайда, «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражай директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қасымбековтың бастамасымен ұйымдастырылған шараның мақсаты – өмірден озған басшыларының игі істерін, өнегелі жолдарын кейінгі толқынға үлгі ету болды.
Келісті шараға қатысушылар алғашқы кезекте кеш кейіпкерлеріне арналған көрмені тамашалады. Бұқара назарына ұсынылған көрмеге Сабыржан Досанов, Байбатыр Шыманов, Майтон Алпысбаевтың жеке қорларынан алынған фотосуреттері, медальдары, куәліктері, құжаттары, тағы басқа да дүниелері қойылыпты. Осындай жағы көрменің мазмұндық сипатының мағыналы болуына ықпалын тигізді. Сонымен қатар, залдағы үлкен экраннан өнегелі тұлғалардың өмір жолы жайында бейнеролик көрсетілді.
Негізінде, Сабыржан Досанов, Байбатыр Шыманов, Майтон Алпысбаев – үшеуі де мұражайдың дамуына өлшеусіз үлес қосқан өңірге белгілі, аудан тарихында есімі қалған тұлғалар. Көптеген наградалармен, мерекелік медальдармен марапатталған. Басшылық қызметті абыройымен атқарып, өз ізбасарларын тәрбиелеген жандар.
Сол күнгі кеште олардың рухани биіктігі, өмір тарихы, сыртқы бейнесі мен ішкі жан-дүниесінің тазалығы, биік мәдениеті көз алдымыздан өткендей болды. Өйткені, музей атасына айналған тұлғалардың өмір өткелдері, асқан асулары мен аттаған белестері жүріп өткен жолдары кімге де болсын үлкен өнеге. Олар туралы әріптестері, жақын жора-жолдастары осындай пікірде мазмұнды әңгіме өрбітті. Мұражайдың алғашқы директоры Сабыржан Досанов жайында бұрынғы әріптесі Светлана Владимирқызы айтты. Ең бірінші мұражай құрылған кездегі қызметкерлердің басынан өткерген қиыншылықтарын жеткізді. Сөз арасында өткенді еске алып, ұзақ толқыды. Жанарына жас та үйірілді. Мұны біз Сабыржан ағаға деген сағыныштың бірі деп түсіндік.
Алпысбаев басшылық жасаған кездегін Нұрсұлу Райымова, Баян Шайгөзова еске түсірді. Әріптестерінің айтуынша, Майтон ағамыз алғашқы жұмысты мұражайға жәдігер жинақтаудан бастапты. Қазіргі мұражайдағы құнды жәдігерлердің көбісі сол кезде жинақталыпты. Тағы бір айта кетерлігі, мұражай еншісіндегі ғимарат Майтон Алпысбаевтың тікелей араласуымен мекеме иелігіне алыныпты. Шынында да ел келешегін ойлаған, көреген басшы Мәкеңнің өзгелерге үлгі боларлық тұстары, қабілеті, басқаларға беймәлім қырлары мейлінше көп екен. Мұны әріптестері тереңірек танылта түсті. Бұдан кейін Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мағзұмбек Машайықов, еңбек ардагерлері Есенғали Әбжамалов, Айткүл Темірбекова, мұражайдың бұрынғы қызметкері Болат Мұхамбетов, кеш кейіпкерлерінің ұрпақтары Азат Сабыржан, Әмірхан, Төрехан Алпысбаевтар шығып сөйлеп, елге үлгілі болған тұлғалардың ғажайып қасиеттерін еске алысты. Олардың қарым-қабілетін, іскерлігін, халыққа жасаған адал қызметтерін ерекше толғаныспен жеткізді. Сөз соңында шараны ұйымдастырып отырған мұражай ұжымына алғыстарын айтты. Солармен бірге мұражай директорларымен жақын араласқан Серік Баймағанбетов те үш басшының кісілік болмысын, адами қалыбы мен ізгі қасиеттерін айтып, тебірене еске алды. Өз кезегінде Әсия Мұхтарқызы да жылы лебізін білдіріп, жұбайы Байбатырдың тарихи ескерткіштер туралы жинақталған фотосуретті альбомын мұражайға тапсырды.
Көпшіліктің көңіліне аса қонымды болған іс-шарада аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кареновте өткен шақтын өнегесін ұғыну – өскелең буынға патриоттық тәрбие беру ісіндегі аса маңызды қажеттілік екенін айтты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ