Өнегелі ғұмыр өрнегі

Адамзат баласы еліне сіңірген еңбегімен көрікті. Қай қоғамда болмасын еңбек адамы елге сыйлы. Кейде толассыз күйбең тіршілікпен жүріп арамыздағы еңбеккердің еңбегін ескермей кететініміз де рас. Десекте, өмірде де, көңілде де мықтап сақталатын еңбекқор жандар бар екенін ұмытпағанымыз хақ. Сондай жандардың бірі, тыл ардагері, көпбалалы «Батыр ана» – Алтыншаш МӘКІБАЕВА.

1935 жылы Жезді қалашығында дүниеге келген. Ол кісі соғыс басталғанда алты жасар бала екен. Балалықтың балдəуренін басынан кешпеген буыннан. Есі кірген ойын баласы шағында бейнетке жегіліп, еңбекке араласады. Сондағы небір қиын заманды көрген əже қазір 88 жаста, əлі тың. Осының бəрі тынымсыз еңбегінің арқасы болар…

Алтыншаш Мəкібайқызы №6 Жезді мектебінде оқып, оның 7-ші сыныбын 1948 жылы бітіреді. Кəмелеттік жасқа толмай-ақ Жезді орталығындағы тігін шеберханасына жұмысқа орналасады. Əуелі алты айдай неміс азаматынан іс тігу өнерін үйренеді. Шеберлік – өнер əрі кəсіп екенін сол кезде-ақ өрімдей қыз ерте ұғынса керек. Бірден еңбекке мойынсұнып тігіншілікке бейімделе бастайды. Жастығына қарамастан іс тігіп, ісмерлігімен көзге түседі. Уақыт өте келе майталман тігіншілерден қалыспай алдыңғы қатардан көрінеді.

1952 жылы Қайсар Əбітовпен көңіл қосып, ұлытаулық азаматқа тұрмысқа шығады. Аудан орталығындағы үлкен əулетке келін болып түседі. Инабатты келін атанып, қайынжұртына сыйлы болады. Бұл жерде де бойындағы қабілетін іс тігумен көрсетіп,тұрмыс қажетін өтеу комбинатына тігінші болып орналасады. Еңбек еткен жылдарда жергілікті тұрғындардың тапсырысын ғана емес, шалғай ауылдардағы еңбеккерлер сұранысын да орындайды. Солардың тапсырысы бойынша əр маусымға лайықтап киімдер тігеді. Сөйтіп, ел-жұрт арасында еңбегі жақсы пікірде бағаланып, он саусағынан өнері саулаған тігінші атанады.

Адал еңбекпен нəпақасын тапқан жан ауданның экономикасының дамуына халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына аянбай тер төгеді. Бастапқыда қатардағы тігінші болғанымен, уақыт озған сайын озаттар қатарына ілігіп, құрмет биігінен көрінеді. Осы кезден бастап аймақ жұртшылығына есімі таныла бастайды. Бұл 70-80-жылдардың кезі болатын.

«Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей, қоғам жұмысына белсене атсалысып əр кезеңде атқарған еңбегі лайықты бағаланып, аудан, облыс тарапынан марапаттарға иеленеді. Үш мəрте ауданға, екі рет облысқа депутат болып сайланады. 1977 жылы Əйелдер съезіне делегат ретінде Ұлытау ауданының атынан қатысады. Осы кезең Алтыншаш апайдың ауданның қоғамдық дамуына үлес қосу жолындағы еселі еңбегіне бастау болған жылдар. Кейінде «Тыл еңбеккері» медалімен, Ұлытау ауданының 80 жылдығына арналған төсбелгімен, «Еңбек ардагері» медалімен, басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталады. Əрине, өмірбойғы еңбектің тиісті марапаттармен айшықталып жатуы артық емес, бұл жағынан Алтыншаш апаның еңбегі жан-жақты бағаланып, тиесілі марапаттарын толық алды деп ауыз толтыра мақтана алмаспыз. Адамның еңбектегі бағасын еліне сіңірген адал еңбегімен, жұртының өзіне деген ықылас пейілімен қоса өлшеуге болады. Ең бастысы, Алтыншаш апа өз заманында «Еңбек адамы» болған ел құрметтісі. Сондықтан бұл кісінің адал еңбегін, өнегелі ісін өскелең ұрпаққа – үлгі ету, дəріптеу артық болмас.

Қазір заман көші ілгері жылжыған сайын қоғам да өзгерді. Бірақ Алтыншаш апа сол қалпында. Жасы ұлғайғанымен жүзі жарқын. Он бала тəрбиелеп, өсіріп жеткізді. Олардан 47 немере, 23 шөбере сүйіп отырған үлкен əулеттің əжесі, алтын құрсақты ана. 1974 жылы «Батыр ана» медалін Тəуелсіздік алған жылдарда «Алтын алқа» белгісін кеудесіне тақты. Ал, тігін цехындағы жалпы еңбек өтілі 40 жыл. Нағыз тігін тігу өнерінің кəнігі маманы. Өз мамандығын жетік меңгерген қарапайым адам. Тіпті бертінге дейін зейнетке шықса да кəсібінен қол үзбей ұлттық тігін үлгілерін жастарға үйрете білген кісі. Қазір де кейінгі буынға ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Əлі де тоқсанға таянған əженің өз айтары бар.

«Тігін машинасын меңгеріп, іс тігу үлкен өнер. Əсіресе, осы заманда тігіншілікпен айналысу нағыз кəсіп дер едім. Жастар соған бейімделсе табыс кілті – сонда. Бір қуанарлығы, осы заманның жастары бақытты. Кəсіпкерлікті дамыту орталығы арқылы бəрін үйренуге болады. Кəсіп ашамын деген қыз-келіншектерге жол ашық. Мемлекет тарапынан қолдау да бар. Сол мүмкіндіктерді жөнімен пайдаланса, өзіне де, өзгеге де жақсы. Қазір ұлттық нақыштағы киім үлгілеріне сұраныс та жоғары. Заманға сай отандық өнім, отандық киім ауданымыздан шығып жатса, үлкен абырой емес пе?! дейді ардагер тігінші.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.